Қосымша кіріс немесе 2024 жылы пассив табыстың қандай түрлері танымал болады?

Жарияланды
Пассив табыс – қосымша табыс табу жолдары қандай / shutterstock

Таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін кеңседе қамалып отырмай-ақ, үйде отырып ақша табуды армандамайтын адам кемде-кем шығар. Әсіресе, қазіргі заманда бұл жалқаулық деп емес, ептілік һәм мықтылыққа баланады.

Сегіз сағаттық жұмысқа байлайтын бағалы уақытта саяхатқа, отбасына арнағысы келетін құлшынысты да түсінуге болады. Бұл ретте пассив табыстың кілтін тапсаңыз, жетіп жатыр. Kursiv Media тілшісі 2024 жылы трендте болатын пассив табыс түрлеріне шолу жасап шықты.

Пассив табыс деген не?

Пассив табыс дегеніміз — сіздің күнделікті жұмыс істегеніңізді талап етпейтін табыс түрі. Яғни дәстүрлі, кеңседегі қызметіңізбен салыстырғанда сіздің қатысыңызсыз да қаражат түсіп, көбейе береді. Бұл неткен батпанқұйрық деп сеніңкіремей қарауыңыз да заңды. Өйткені қазір пассив табыс деп алдап, түрлі алаяқ схемаларын қолданатындар бар. Дегенмен аздаған білім жинасаңыз, мұның ертегі емесін түсінесіз. Қай жерде, не істеп жүрсеңіз де табыс түсіп тұрады. Актив табыс, яки күнделікті барып-келуіңізді талап ететін жұмысыңыздан басты айырмасы да — осында. Әрі пассив табыс табу үшін белгілі бір жас ерекшелігі де жоқ. Жас та, кәрі де ебін таба алады. Бастысы, өзіңізге қолайлы түріне тоқталыңыз. 

Пассив табыс түрлері

  • Интеллектуал табыс — аты айтып тұрғандай, интеллектуал меншіктен түсіп тұратын ақша. Жазған кітап, түсірген фильм, жазған әніңіздің табысын осы санатқа жатқызамыз.
  • Инвестициялық табыс — салым ретінде салған қаражаттың түсіп тұратын ақша.
  • Банктегі депозит
  • Облигациялар
  • Криптовалюта
  • Пәтер, техника, көлікті жалға беру
  • Инфоөнімдер
  • Интеллектуал өнім

2023 жылы пассив табыстың осы түрлері өте танымал болды. Бұл қарқын әлі бірнеше жыл сақталатыны сөзсіз. Әрине, бұлардың кемшілігі де жоқ емес. Оны да тізіп шығамыз.

Банк салымы

Пассив табыстың бұл түрі қазақстандықтар арасында аса танымал. Депозит дегеніміз — банкке ақшаңызды сақтауға бере тұрасыз да, араға уақыт салып белгілі бір пайызбен қайтарып аласыз. Банк салымының пайызы мен шарттары әр қаржы ұйымында әртүрлі.

Артықшылығы: егер лицензиясы бар, сенімді банкке салсаңыз, мемлекет тарапынан қаражатыңыз сақтандырылады. Салу да оңай. Бақылап отырасыз. 

Кемшілігі: инфляция уақыт өткен сайын өсіп жатыр. Сондықтан бұдан түсетін табыс елеусіз ғана. Салым салған валюта құнсызданып кетуі мүмкін. Сонымен бірге банк жабылып қалса, қосымша мәселелер туындауы ғажап емес.

Облигациялар

Бұл — инвестициялық құрал. Инвестиция тартқысы келетін компания белгілі бір мөлшерде облигация яғни құнды қағаздар шығарады. Сөйтіп инвесторлар бекітілген бағаға сатып алады. Сатып алардың алдында мерзімі келісіледі. Сол уақыт ішінде компания табысынан инвестор белгілі бір пайызын алып отырады. Құнды қағазды иеленетін мерзім аяқталған кезде компания бастапқыда қаншаға сатса, сол сомаға облигацияларын кері сатып алады. Сонымен бірге мерзімі аяқталғанға дейін басқа инвесторларға да беріп жіберуге болады. Облигацияларды жеке компаниялар да, мемлекет те шығарады. Банктен не биржа арқылы сатып ала аласыз.   

 Артықшылығы: табысы депозитке қарағанда көбірек әрі табыс та тұрақты түсіп тұрады. 

Кемшілігі: Облигацияларды мемлекет сақтандырмайды. Эмитент облигацияларды сатып алу мерзімін өзгертіп жіберуі мүмкін. Уақытынан бұрын сатылған жағдайда құнды қағаздың бағасы түсіп кетеді. Инфляция да әсер етеді.  

Криптовалюта

Бұл — қазіргі уақыттағы ең трендтегі әрі қауіпті пассив табыс түрі. Иә, электрон валютаның болашағынан күтеріміз мол. Қазір басында осыған ақша салып, араға бірнеше жыл салып әжептәуір байып кетуге болады. Бірақ криптовалютаға сұраныс артқан сайын бағасы да түсуі мүмкін. Әрі жақсы табыс тауып отыру үшін бұл нарық туралы біршама білім жиып, ұдайы қағадалап отыруыңыз қажет.   

 Артықшылығы: аз уақыт ішінде мол табысқа кенелуге болады. Анонимдік сақталады.

Кемшілігі: нарыққа үнемі мониториң жүргізіп отыру керек. Үйреніп, меңгеру оңай емес. Криптовалютаның курсы құлауы мүмкін. Сонымен қатар салған барлық ақшадан демде айырылып қалуыңыз ғажап емес. 

Пәтер, көлік, техниканы жалға беру

Пассив табыстың ең қауіпсіз түрлері десек болады. Алдымен үйден бастайық. Қалай табыс таба аласыз? Сіздің бірнеше пәтеріңіз бар. Біреуінде өзіңіз тұрасыз, қалғанын жалға бересіз. Кейбірі тіпті пәтерін арендаға беріп, өзі басқа үйді жалдап тұрады. Мұндай да жолы бар. Енді бірі ипотекаға аз пайызбен үй алады да, жалға беріп қояды. Сөйтіп пәтерақыны ипотеканы толық не бөлшектеп жабуға, болмаса айлық төлеміне жұмсайды. Әрине, айлық төлемнен көбірек сомаға береді. Неғұрлым тезірек жауып тастайтын ақша жинаса, соғұрлым өзіне жақсы. Өйткені қарыздан толық құтылған соң пәтерақыдан келетін табыс та қалтасына таза түсіп отырады. Бөлмені жалға беретін нұсқа да бар. Әсіресе, пәтер жалдауға ақшасы аз студенттер осылай біреудің үйінен бөлме алады. Кейбірі үйді ұзақ мерзімге, бірнеше айға береді. Енді бірі — тәулікке. Алғашқы түрінен табыс тұрақты түсіп тұрады. Бірақ екінші тәсілде күнде клиент табылып отырса, табыс көбірек болады.  

Артықшылығы: табысы жақсы, пәтер атыңызда қала береді.

Кемшілігі: кей адамдар үйіңізді бүлдіріп кетуі мүмкін. Техникаларыңыз ұрлануы да ғажап емес. Жөндеу жұмысын жиі жасау керек болады.

Техника, көлікті де жалға беріп, табыс таба аласыз. Мысалы, фототехника, автокөлік, музыкалық аппаратура, видеоойын ойнауға арналған жабдық, ноутбук және т.б.

Артықшылығы: мол табыс табуға болады әрі түрі де көп. Қалаған затыңызды жалға беріп қоя аласыз. 

Кемшілігі: хабарландыру сайттарына қайта-қайта салып отыруыңыз керек. Кейбірі затыңызды бұзып тастауы мүмкін. Егер келісімшартты дұрыстап жасаспасаңыз, қайтармай кететіндер де болады. 

Инфоөнімдер

Әлеуметтік желі дамыған сайын табыстың бұл түрінің де ауқымы кеңейіп келеді. Әлдебір салада эксперт болсаңыз, біліміңізді сату арқылы табыс тапсаңыз болады. Мысалы, сіз визажиссіз. Макияж жасаудың түрлі техникасын білесіз. Мықты мектептен өтіп, білігіңізді арттырып отырасыз. Олай болса, сол білгеніңізді басқаларға үйретіп ақша таба аласыз. Вебинар, онлайн-курс, подкаст, чек-лист, гайд секілді түрі көп. Бір рет жақсылап курс түсіріп, дайындасаңыз, оны аудиторияға сәл жаңартып, дамытып қайта ұсынып отыра аласыз.

Артықшылығы: көп табыс табуға болады. Танымалдығыңыз да арта түседі. 

Кемшілігі: аудиториямен тұрақты жұмыс істеп отыруыңыз керек. Жақсы өтуі үшін оны сапалы етіп жасау маңызды. Әрі кәсіби мамандардан тұратын команда болмаса, өніміңіз дұрыс шықпайды. Егер ұсынған дүниеңіз сұранысқа ие болмаса, ойдағыдай табыс таппауыңыз мүмкін.

Интеллектуал өнімдер

Инфоөнімдер секілді, интеллектуал меншіктің басқа да өнімдері болады. Бұл қатарға кітап, музыкалық шығармалар, фотосуреттер жатады. Шығармашылықпен айналысатын адамдарға арналған табыс түрі.

Артықшылығы: бір ғана кітап не ән жазып, одан ондаған жыл бойы табыс тауып отыра аласыз. Жаңасын шығарып, табысыңызды еселеуге мол мүмкіндік бар.

Кемшілігі: көп уақытты талап етуі мүмкін. Нарықтағы бәсекені де ескермесе болмайды. Көпшілікке ұнамай қалса, сарп еткен уақытыңыз бекерге кетіп, табыс әкелмеуі ғажап емес.

Пассив табыс түрін таңдағанда нені ескеру керек?

Жоғарыда кейінгі кездері көп танылмаған пассив табыс түрлерін айттық. Ішінен көңіліңіз қалайтын, жаныңызға жақын түрін таңдаңыз. Барлығына бірдей бас салудың қажеті жоқ. Шамамен 2-3 түріне тоқталсаңыз жетіп жатыр. Сөйтіп сол таңдағаныңызға барынша күш салыңыз.

  • Өзіңізге қызық бағытты ғана таңдаңыз. Мысалы, сіз үшін криптовалюта тақырыбы өте күрделі, түсініксіз болса, аз уақытта еселеп ақша шығарып аламын деген оймен ақшаңызды сала салмаңыз. Өйткені пассив табыстың алғышарты — сіз бұл бағыт туралы бәрін білуіңіз керек.
  • Қорыңыз болсын. Қолда бар ақшаның бәріне акция алып тастаудан не біреудің бизнесіне инвестор болу үшін салып тастаудан аулақ болыңыз. Ақшаңыздан айырылып қалу қаупі бар екенін ешқашан ұмытпауыңыз қажет. Инвестициялауға да, қорда сақтауға да жеткілікті ақшаңыз болсын.
  • Біреу істеді екен деп қайталамаңыз. Бір блогерден көріп алып, соның істегенін істесем, табысқа кенелем десеңіз, қателесесіз. Әрине, өзгелердің тәжірибесін қарап, талдаған дұрыс. Бірақ өзіңіздің дара жолыңыз болуы керек. Біреуге табыс әкелген нәрсе енді біреуді тақырға отырғызуы әбден мүмкін.
  • Әртараптандыру маңызды. Яғни қоржынды диверсификациялау керек. Ақшаңызды 2-3 бағытқа қатар салыңыз. Осылайша болуы мүмкін қауіптен өзіңізді сақтай аласыз.
  • «Пассив табыс өзімен-өзі түсе береді» деп ол туралы мүлдем естен шығаруға болмайды. Қалай десек те, қадағалап, қарап отыруыңыз керек. Әрі таңдаған бағыт бойынша көп білім алуыңызды талап етеді.

Неден бастаған абзал?

Табысты көп әкелетін тәсілдің 100 пайыз кепіл беретін нұсқаулығын ешкім әзірлеп бере алмайды. Бірақ табысты инвестор болуға жетелейтін стандарт схемалар болады. Сондықтан қаржылай еркіндікке қол жеткізгіңіз келсе, мына кеңестерді есте ұстаңыз:

  1. Капитал көлемін анықтап алыңыз. Инвестицияға құюға қанша қаражат бөле аласыз? Қолда бар ақшаны түгел салуға болмайтынын айттық. Қорда ақша қалсын.
  2. Қызық бағыттардың тізімін жасаңыз. Не нәрсеге қызығасыз, қай бағытта білім алып, дамығыңыз келеді? Пассив табысты қайдан алғыңыз келетінін ойластырыңыз.
  3. Таңдау жасаңыз. Жақсылап ой елегінен өткізген соң, пассив табыс табудың 2-3 жолына тоқталыңыз.
  4. Қай бағытты таңдаған болсаңыз, сол туралы неғұрлым көп білім алыңыз. Заңнамалық тұрғыдан сауатты болуыңыз керек. Ол жайлы да бәрін оқып шығыңыз. Сол ниша арқылы табыс тапқан, нәтиже көрсеткен адамдардың өмір тарихымен танысыңыз. Қажет болса, кеңес алыңыз. Тәуекелдер туралы да бәрін біліп алыңыз.
  5. Ақша салыңыз. Мысалы, облигация алатын болсаңыз, сатып алып, эмитентпен келісімшарт жасасыңыз. Сөйтіп пассив табыс тауып бастау үшін жасау керек қадамдарға кірісіңіз.
Сондай-ақ оқыңыз