Астанада 6 мыңнан астам бизнес субъектілерінің құқықтары бұзылған

Жарияланды (жаңартылды )
Астанада бизнес субъектілерінің құқықтары бұзылған/Фото:shutterstocks

Астанада 6 мыңнан астам бизнес субъектілерінің құқықтары бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Астана қаласының прокуратурасы хабарлады.

 «Алматы ауданының прокуратурасы кәсіпкердің мемлекеттік органның іс-әрекетіне берген жолданымын қарау барысында елорданың 6 мыңнан астам бизнес субъектілерінің құқықтарының бұзылғанын анықтады»-делінген хабарламада.

    Мәлімдемеге сәйкес, уәкілетті орган жеке кәсіпкердің табысының ең төменгі жалақының 1 еселенген мөлшерінен кем екендігін тексермей, тиісті түрде анықтамай және заң бұзушылықтар сомасын көрсетпей, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды төлеу туралы хабарламаларды негізсіз жолдаған.

      «Мұндай хабарламалардың орындалмауы үшін әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ салдарынан кәсіпкерлік қызметті тоқтата тұруға әкеп соғатын банк шоттарына тыйым салу көзделген. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кәсіпкерлерге жіберілген заңсыз хабарламалар кері қайтарылды»-деді Астана қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, SHYMKENT» «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 105 миллион теңге айыппұл салынды деп хабарлаған болатынбыз.

Шымкент қаласы прокуратурасы ӘКК кәсіпкерлермен келісімшарт жасау кезінде шарттық міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін әртүрлі пайыздық айыппұлдар қолданғанын анықтады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзғандарға 1 226 485 теңге айыппұл салынған.

«2023 жылы Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін 30-дан астам әкімшілік іс қаралып, нәтижесінде жеке, заңды және лауазымды тұлғаларға 1 226 485 теңге сомасында айыппұл салынды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оқыңыз