Жаңалықтар

Шағын және орта бизнес AIX-те облигацияларын орналастыра алады

ШОБ
ШОБ акцияларын АІХ-ке шығара алады. Фото: AIX-тің баспасөз қызметі

Шағын және орта бизнес өкілдері AIX биржасына өз облигацияларын шығара алады. Бағалы қағазын биржаға шығарған ШОБ қысқа мерзімге қаражат жинау мүмкіндігіне ие болмақ. Бұл туралы биржаның баспасөз қызметі хабарлады.

Биржаның хабарлауынша, бұл капиталды тартудың ең оңай жолы: шығарылым проспектісі бекітілген үлгі бойынша дайындалады. Листингтік комиссиялар төмендетілген, оған қоса кіру немесе жылдық қосымша төлемдер жоқ.

«Тау-кен өндіру, мұнай-газ (сервистік қызметтерден басқа), қаржы және мемлекеттік қатысуды қоспағанда кез келген ШОБ өз облигацияларын листингтен өткізе алады»,–делінген хабарламада.

ШОБ облигацияларын орналастыру бизнеске:

  • қаржыландырудың балама көзін қамтамасыз етуге;
  • компаниялардың капитал нарықтарында белгілі болуын арттыруға;
  • компанияға деген сенімді арттыруға;
  • инвесторлардың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, былтыр AIX-тегі сауда-саттық көлемі 3 есе өскен. 2023 жылғы нәтижесі бойынша, AIX-тегі жиынтық сауда-саттық көлемі $582 млн құраған. 2022 жылы сауда көлемі $173 млн болған, яғни алдыңғы жылмен алыстырғанда үш есе өскен.

АIX Qazaq Index биржалық индексі былтыр 948,36-дан 1217,38 тармаққа дейін жетіп, 28,37% өсім көрсеткен.

Қазіргі кезде AIX ресми тізіміне 95 түрлі эмитенттің 150 бағалы қағаз шығарылымы бар.

Биржа іске қосылғаннан бері тартылған жалпы борыштық капитал көлемі $4,2 млрд құраса, тартылған үлестік капиталдың көлемі $365 млн жеткен.

Сауда алаңында 37 сауда мүшесі, соның ішінде Қазақстан, Қытай және еуропа елдерінің брокерлері бар AIX Орталық депозитарийіндегі жеке азаматтардың есеп-шот саны 1,5 миллионнан асқан.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі жолдауында еліміздегі екі қор биржасы – AIX пен KASE-ні біріктіріп, бір жерден басқару мәселесін көтерген еді. Президенттің айтуынша, олар жұмыс барысында көбіне бірін-бірі қайталайды, тіпті өзара бәсекеге түсіп жатады.