Қазақстан Ресей мұнайын 2018 жылы бекітілген бағамен тағы он жыл тасымалдайды

Жарияланды
Шығарушы редактор
Ресей мұнайын тоннасы 15 доллардан тасымалдаймыз. Фото: ҚазТрансОйл

Қазақстан Ресей мұнайын тағы он жыл 2018 жылы бекітілген бағамен тасымалдайтын болды. 1 тонна мұнай транзиті құнын еліміздің Энергетика министрлігі бекітті.

Ресейден Қытайға Қазақстан арқылы жылына 10 млн тонна мұнай тасымалданатыны белгілі. Ресей шекарасынан Атасу– Алашанькоу бекетіне дейін мұнай тасымалдау құны осыдан 5 жыл бұрын 1 тонна үшін – 15 АҚШ доллары (ҚҚС есебінсіз) деп бекітілген.

Соның ішінде Ресейден келген мұнайды шекарада Атасу БМАС-қа ауыстырып тиеу құны 4,23 АҚШ доллар. «Атасу – Алашанькоу» учаскесімен тасымалдау бағасы – 10,77 доллар.

Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес, 2024 жылғы 1 қаңтардан 2033 жылғы 31 желтоқсанға дейін осы баға өзгеріссіз қалмақ.

«Бекітілген құн 2018 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2019-2023 жылдарға арналған бұйрығымен белгіленген құн деңгейінде сақталады», – делінген «ҚазТрансойлдың» хабарламасында.

«ҚазТрансОйл» компаниясы «Роснефть» компаниясымен Ресей мұнайын Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау жөніндегі келісімшартын 2033 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартқан.

Бұл келісімге алғаш рет 2013 жылы қол қойылған еді.

2014-2016 жылдары Қазақстан аумағы арқылы жыл сайын 7 млн тонна Ресей мұнайы транзитпен өтті. 2017 жылдан бері «Ертіс – Атасу – Алашанькоу» бағытымен Қытайға жыл сайын 10 млн тонна Ресей мұнайы жеткізіліп отыр. 2014-2023 жылдары Қытайға 91 млн тонна Ресей мұнайы жеткізілген.

Есесіне қазақ мұнайын Еуропа елдеріне тасымалдау құны қымбаттап жатыр. Күні кеше Беларусь елі Қазақстаннан Еуропаға тасымалданатын мұнай транзиті тарифі 38%-ға көтерілетінін айтты. Ал Ресейдің мұнайының тасымал құны 10,2%-ға қымбайтынын мәлімдеді.

2023 жылдан бері баға 1 тонна мұнай үшін 455,94 рубль еді. Биыл 1 ақпаннан 629,26 рубль болмақ.

«Атасу-Алашанькоу» магистральдық мұнай құбыры – «Қазақстан-Қытай» магистральдық мұнай құбырлары жүйесінің бөлігі. Ол «ҚазТрансОйл» АҚ (50%) және China National Oil and Gas Exploration and Development Company Ltd бірлескен кәсіпорны – «Қазақстан-Қытай Құбыры» ЖШС-ге (50 %) тиесілі. «Атасу-Алашанькоу» магистралдық мұнай құбырының жобалық қуаты-жылына 20 млн тонна мұнайды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз