Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында іс жүзінде жоқ жолды жөндеуге конкурс жарияланып, 328 млн теңге бөлінген. Облыстық прокуратура мәселені зерттеп, конкурсты өткізбей тастады.
«Ақтоғай ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша ауданның Экономика және қаржы бөлімінің жалпы сомасы 328 миллион теңгеден асатын іс жүзінде жоқ «Ақжарық-Аппаз» тас жолын ағымдағы жөндеуге ашық конкурс өтпей қалды. Жолдың бұл учаскесінде жергілікті және облыстық деңгейдегі уәкілетті органдардың балансында ешқандай жол жоқ екені анықталды», – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
Өңірлік экономика бөлімі «Автомобиль жолдары туралы» заңды бұзған, яғни қолданыстағы емес, салынбаған жолды жөндеуге тырысқан. Екіншіден, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңды бұзып, құрылыс жобалық құжаттама жоқ жаңа жол салуға тырысқан.
«Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстары, олар бойынша мемлекеттік сатып алулар Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 18 қаңтардағы №46 бұйрығымен бекітілген «Рейтингтік-баллдық жүйені пайдалана отырып, конкурс арқылы жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің» тізбесіне енгізілген», – делінген хабарламада.
Осы нормаға қарамастан, жолды жөндеу рейтинг бойынша емес, ашық конкурс бойынша орналастырылған. Ақтоғай ауданы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылған.
Осыған дейін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудандық прокуратурасы жергілікті атқарушы органдар коммерциялық мақсатқа жер бергенде бұзушылықтарға жол бергенін анықтағанын жазған едік.
«Қарағанды қаласының әкімдігі бағалау рәсімін жүргізбестен, бұрын алынған жер учаскелерінің орнына тұрғын емес үй-жайлары бар көппәтерлі тұрғын үй салу және оны одан әрі пайдалануға беру үшін коммерциялық мақсатқа 14 жер учаскесін берген. Осы орайда жергілікті атқарушы орган «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңның 62-1-бабын бұзылуына жол берген», – деп жазылған таратылған хабарламада.
Прокуратураның араласуымен қала әкімдігі жоғарыда аталған қаулының күшін жою туралы талаптарды толық көлемде қанағаттандырды. Осылайша, құны 158 млн теңге болатын 4 га коммерциялық мақсаттағы 14 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Сонымен қатар ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай жатқан коммерциялық жерлер бар болған.
Жол құрылысы саласында міндетін мінсіз атқара алмаған мердігер компаниялар Қазақстандағы жолға қатысты жобаларға қатысу құқығынан айырылады. Бұл туралы «Қызылорда-Жезқазған» автожолының учаскелерін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылды.
«Қызылорда-Жезқазған» тас жолын жаңғырту жобасын Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) қаржыландырып жатыр. Жоба 2024-2025 жылдары аяқталады. Нәтижесінде жолдың сапасы III техникалық санаттан II техникалық санатқа ауысады.
«Қызылорда-Жезқазған» жобасы 6 учаскеден құралған. 2021 жылдың соңында 67 шақырымнан 216 шақырымға дейінгі 4 учаске бойынша келісімшартқа қол қойылған. Мердігер компания аталған учаскелерді 2024 жылы тапсыруы керек», – делінген Көлік министрлігінің хабарламасында.