Базалық мөлшерлеме: нені түсініп, нені түсінбей жүрміз?

Жарияланды (жаңартылды )
Базалық мөлшерлеме құралын қалай пайдалану керек? Фото:shutterstocks

Ұлттық банк таяуда ғана базалық пайыздық мөлшерлемені 15,75 пайыздан 15,25 пайызға төмендету туралы шешім қабылдап, енді бұдан былай жұмсақ ақша-несие саясатын ұстануға құлықты екенін аңғартты. Базалық ставка осымен төртінші мәрте төмендеп отыр. Инфляция былтыр жыл соңында бір таңбалы мәнге түсіп, 9,8 пайыз болды. Үкімет те, Ұлттық банк те инфляция әрі қарай төмендейді, қымбатшылық өсімі баяулайды деп отыр. Демек, базалық ставканың да төмендеу перспективасы айқын деген сөз. Әрине, саяси-экономикалық тәуекелдер әрқашан ескеріледі.

Базалық мөлшерлеме құралын қалай пайдалану керек?

Сарапшы Тимур Әбілқасымовтың айтуынша, 2023 жылдың аяғында жылдық инфляция баяулағанымен, айлық инфляция өсім көрсетті. Әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі және орталық банктердің шектеулі саясаты сыртқы инфляциялық қысымдарды біршама тежеді. Бірақ ел ішінде, әсіресе ауылдық аймақтарда инфляциялық қысым әлі күшінде тұр дейді ол.

Владислав Туркин риторикаға сүйенсек, Ұлттық банк ақша-несие саясатын орташа қатаң жағдайларда қолдауды жалғастырады, бұл менің ойымша, шамадан тыс дейді.

«Таргетке кіру үшін ставканы өте баяу төмендету және орташа қатаң жағдайларды сақтау қажет деген ресми мәлімдеге қатысты менің пікірім сәл басқашалау. Қалыпты-қатаң шарттар нақты ставканы әлемдік мәндерден, тіпті Қазақстандағы орташа тарихи мәннен де жоғары ұстауды білдіреді. Қазақстанда әлемдегі ең жоғарғы нақты ставка көрініс тауып отыр. Ал бұл ретте курс біршама тұрақты, бұл елімізді қолайлы инвестициялар мен мемлекеттік қарыз әкелу бойынша тартымды етеді»,-дейді сарапшы.

Оның айтуынша, базалық ставка долларлану және курсты қадағалау құралы ретінде қызмет етпеуі тиіс.

«Базалық мөлшерлеме жинақталған құрылымдық бұрмалануларды жоятын немесе жазалайтын экономиканың табиғи автостабилизаторына қарсы тұрмауы тиіс. Мұндай жағдайларға ставкамен жауап беру артық және соның салдарынан болашақта одан да көп бұрмаланулар мен проблемалар туындауы мүмкін»,-дейді.

Төмендеу перспективасы басталды

Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Тоқтасын Бақберген Ұлттық банктің мөлшерлемені төмендетуі институт болжамымен сәйкес келді дейді.

«Біз бұған дейін экономикалық теорияға сәйкес, ҰБ ставканы 50 базалық тармаққа төмендетеді деп жазған болатынбыз. Сондықтан ҰБ-ның бұл шешімін біз күттік. Өтімділікті ұсыну бойынша тұрақты қол жеткізе алатын операцияларының ставкасы 16,25, ал өтімділікті алуға қатысты тұрақты қолжетімділік операциясының ставкасы 14,25 пайыз болып қалыптасты»,-дейді ол.

Сарапшының айтуынша, институт қаңтар айында жылдық инфляция 9,7 пайыз (қазір – 9,8 пайыз) болады деп болжайды.

«2023 жылдың басында ел үкіметі мен Ұлттық банк пайыздық ставканы көтеру және инфляция деңгейін төмендету және бақылау бойынша кешенді жоспар қабылдауды қоса алғанда инфляциямен күреске қатысты бірқатар шараларды қабылдады. Нәтижесінде тауарлар мен қызметтерге сұраныс азайып, нарықтағы ұсыныс өсуі керек еді, бұл сұраныс заңға сәйкес және ұсыныс тауарлар мен қызметтерге бағаның төмендеуіне әкеледі. 2023 жылы әлемдік экономиканың даму қарқыны төмендеді, бұл тауарлар мен қызметтерге, оның ішінде шикізат тауарларына сұраныстың төмендеуіне әкелді. Бұл Қазақстандағы инфляцияға оң әсер етті»,-дейді.

Тоқтасын Бақберген Дүниежүзілік Банктің мәліметтері бойынша желтоқсан айының қорытындысы бойынша энергия тасымалдаушыларға бағалар 2023 жылғы қаңтармен салыстырғанда төмендегенін айтады.

«Осылайша, Brent маркалы мұнайдың бағасы 5,23 долларға төмендеп, 1 баррель мұнай үшін 77,86 долларды құрады. Көмірдің бағасы 176,17 долларға төмендеп, 1 тонна үшін 141,82 доллар болды. Газдың бағасы 0,75 долларға төмендеп, 1 британдық жылу бірлігі үшін 2,53 долларды құрады», -дейді.

Сарапшы пайымынша, реттеушінің ағымдағы макроэкономикалық жағдайларын ескере отырып, базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету перспективасы ашылады.

«Сонымен қатар қатаң ақша-несие саясатын жұмсартудың салдарын мұқият бағалау керек. Бұл инфляция деңгейі нысаналы деңгейден 5 пайызға жоғары қалыптасып отырғанымен негізделеді, сондай-ақ жаһандық тұрақсыздық және 2023 жылы ТКШ энергия тасымалдаушылары мен қызметтеріне тарифтердің көтерілу әсері контекстінде инфляциялық күтулер жоғарылады. Жоғары базалық мөлшерлеме нәтижесінде елімізде депозитарлық ұйымдардағы депозиттер едәуір ұлғайғанын атап өткен жөн, өйткені жоғары инфляцияға байланысты экономикалық агенттерге депозиттер түрінде аз тәуекелді активтерге инвестициялау тиімдірек болды. Өз кезегінде, бұл экономикалық агенттер арасында тауарлар мен қызметтерге сұранысты шектеуге мүмкіндік берді, сонымен қатар екінші деңгейлі банктерге бәсекеге қабілетті несиелік өнімдерді жасауға мүмкіндік берді»,-деп пікір білдіреді институт қызметкері.

Базалық мөлшерлеме бөліп-төлеуге емес, ипотекаға тәуір әсерін тигізеді

Қазақстан Қаржыгерлер қауымдастығының өкілі Рамазан Досовтың айтуынша, инфляцияны 5 пайызға дейін түсіру – оңай міндет емес. Сондықтан Ұлттық банк қазіргі деңгейдегі мөлшерлемені әзір біраз уақытқа дейін уысынан шығара қоймайды.

«Бұл ретте тауарлар мен қызметтердің құны және оларға деген сұраныс арасындағы тепе-теңдік орнамай, оның күрт төмендеуі екіталай. Ұлттық Банк 5 трлн мөлшерінде қаржыны теңгерімінде ұстайды. Осы қаражат аясындағы 50 базалық пункт дегеніміз – миллиардтаған теңге. Демек қаржы нарығындағы құралдардың ставкалары төмендейді. Көп ұзамай депозиттердің де мөлшері түседі. Бұл өз кезегінде несиелеу нарығына әсер етеді. Ең алдымен корпоративті кредиттің мөлшері өзгереді»,-дейді.

Қазір көпшілік тауарлар мен қызметтерді бөліп төлеу жүйесі арқылы тұтынуға көшкені белгілі. Сарапшының айтуынша, тауар құны әу бастан толық есептеліп, енгізілетіндіктен бөліп төлеу қызметіне базалық мөлшерлеменің төмендеуі әсерін тигізбейді. Бірақ ипотекаға әсер ете алады.

«Бұл ретте мемлекеттік саясаттың рөлі зор. Базалық ставка көтерілген кезде «Отбасы банк» те бағдарламаларының ставкасын екі мәрте көтерген еді. Тіпті ипотеканы бөлу шартын қатаңдатты. Енді мөлшерлеме төмендетілген тұста «Отбасы банк» ставкаларын қайта қарап, азайтуы мүмкін. Демек базалық мөлшерлеменің 50 пунктіге түсуі, тұтастай алғанда, оң ықпалын тигізбек»,-дейді ол.

Дұрыс «күтіп» жүрміз бе?

Базалық мөлшерлеме және оның төңірегіндегі терминге қатысты экономист Алмас Чукин пікір білдіреді.

«Ұлттық банк екі басты себеп ретінде сұраныс өсімін айтады: фискалдық ынталандыру (яғни мемлекеттік шығындардың өсуі). Тұтынушылық несиелеудің белсенді өсімі. Тұтынушылық кредиттеудің ставкасы өте жоғары, бірақ соған қарамастан оны алып жатыр. Адамдар несиені екі оймен рәсімдейді: әуелі ертеңгі күні бұдан да көбірек табыс табамын, сөйтіп оңай жауып тастаймын деп ойлайды. Екінші кезекте – ақша алатын ешқандай көз болмаған соң, бұл қадамға амалсыз барады», -дейді сарапшы.

Сонымен қатар экономист «инфляциялық күтулер» дейтін терминге және соның нәтижесінен туындайтын шешімге қатысты да көзқарасын жеткізеді.

«Ұлттық Банк мәлімдемелерінде «незаякоренные ожидания» (әдейі орысша қалдырып отырмыз – ред.) деген сөз жиі көрініс таба бастады. 100 адамның 99-ы бұл нені білдіретінін түсіндіре алмайтынына сенімдімін. Бұл «үміттер» экономика әлемінде салыстырмалы түрде жақында пайда болды. Экономист-теоретиктер соңғы 30 жыл ішінде экономикалық шешімдер қабылдаудағы әлеуметтік және психологиялық факторлардың рөлін ашып, жақсы жұмыс жасады. Сөйтіп, инфляцияны зерттеуде көпшіліктің психологиясына көп көңіл бөлінетін болды. Мысалы, егер адамдар бағаның өсуін күтсе, онда олар жаппай сатып ала бастайды. Салдарынан көп өтпей тауар қымбаттап шыға келеді. Сұраныс артады, баға өседі, содан инфляция пайда болады. Егер жұрттың бәрі өсіп келе жатқан инфляцияға сенсе, демек ол өседі. Пайда болған құбылысты өлшеу және ескеру қажет»,-дейді.

Экономистің айтуынша, өкінішке қарай үкімет пен көптеген мамандар баға өсімін инфляция деп есептейді және бұл ретте қателеседі.

«Сондықтан әртүрлі типтегі бағаны бақылау әдістері жиі талқыланады және қолданылады. Мен бұл тұрғыда монетаристпін және инфляция ақшаның құнсыздануы, дәлірек айтсақ, құн өлшемі ретінде ақша бірлігінің әлсіреуі деп есептеймін. Инфляция 2023 жылғы теңгенің 2022 жылғы теңгеден 10 пайызға «салмағы» аз екенін көрсетеді. Ал ақшаның құнсыздануы бағаның өсуінен көрінеді, керісінше емес. Инфляция нәтижесінде бағаның толқын тәрізді және жүйелі өсуін түсіну қажет. Ақшаның рөлін дұрыс түсінудің арқасында тіпті бәрі жеткілікті болып тұрғанның өзінде баға неге қымбаттайды деген сұраққа жауап табуға болады. Ақша жеңілдеді, сөйткен соң баға көтеріліп кетті»,-деп түсіндіреді сарапшы.

Базалық ставка төңірегінде айтылар әңгіме аз емес. Соның кейбірін бір арнаға, бір ізге түсіріп, жүйелеуге тырыстық. Ал оның экономикаға, тауарлар мен қызметтерге әсері, инфляцияның төмендеу ықтималдылығы мен сыртқы және ішкі факторлар тарапынан туындайтын тәуекелдер бөлек әңгімелеуді қажет етеді. Біз оны базалық ставкаға қатысты шешім қабылданар қарсаңда жарияланатын келесі материалда егжей-тегжейлі баяндаймыз.

Сондай-ақ оқыңыз