Түрмеден кейінгі өмірге бейімдеу: жазасын өтеп шыққандарға әлеуметтік көмек көрсетіледі

Жарияланды (жаңартылды )
Түрме әкімшілігі түрмеден босап шыққандарға үй және жұмыс тауып беруге міндеттеледі / Фото: kursiv.media

Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару комитеті бас бостандығынан айырылған адамдардың түрмеден кейінгі өмірге бейімделуін көздейтін арнайы құжат дайындады.

«Бұл бұйрықтың мақсаты бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға әлеуметтік және өзге де көмек алу бөлігінде өзара іс-қимылды ұйымдастыру», – делінген түсіндірме құжатта.

Бұл құжатқа сәйкес түрме әкімшілігі сотталғандардың түзелуі мақсатында оның қоғамның толық құқылы мүшесі ретінде әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіруіне ықпал етеді. Тәртіптің жалпыға бірдей қабылданған нормалары мен құқық нормалары негізінде қоғамда өз бетінше өмір сүруіне оралуына көмектеседі.

Мекеме бас бостандығынан айырылған азаматтың жаза мерзімін өтеуіне бір жыл қалғанда шара қабылдайды. Жергiлiктi атқарушы органдармен бірлесіп әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету нысанына орналастырады. Онда қайта әлеуметтендіру жүзеге аса бастайды. Мекеме әкімшілігі бұл ретте сотталған адам босатылған соң әлеуметтік бейімделу үшін оған жеке бағдарлама әзірлейді. Ол сотталған адамның таңдаған тұрғылықты жері бойынша жергiлiктi атқарушы органдарға жіберіледі.

«Егер мекеме әкімшілігі сотталған адамның жеке баспанаға немесе туыстарымен тұруға мүмкіндігі болмау фактілерін анықтаған жағдайда мекеме әкімшілігі бас бостандығынан айыру мерзімі өткенге дейін екі айдан кешіктірмей сотталған босатылғаннан кейін кететін елдімекенде өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар үшін қайта әлеуметтендіру орталығында уақытша тұру үшін орынды алдын ала дайындау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға босату туралы хабарламаны, сондай-ақ №482 бұйрыққа сәйкес жеке бағдарламаны қайта жібереді», – делінген құжатта.

Тұрғылықты тұратын жері жоқ жан қиын жағдайға тап болған адамдарды орналастыру орталықтарынан орын сұрайды. Егер сотталушы таңдаған жерден орын табылмаса, мекеме басқа елдімекеннен бос орындар сұратады. Осылайша, мерзімін өтеген жан бостандыққа шыққан соң тұратын жері бойынша мемлекет көмек көрсетеді.

«Сотталған адам уақытша тұру үшін жақын маңдағы басқа елдімекенді таңдауға келіскен кезде мекеме әкімшілігі сотталған адам тандаған өнірдің жергілікті атқарушы органына жергілікті атқарушы органдардың оны тұрғылықты жері бойынша қабылдау мүмкіндігінің жоқтығы туралы жауабы мен сотталған адамның № 263 бұйрыққа сәйкес нысан бойынша өтінішің қоса осы Қағидаларға 29-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хат жолдайды», – делінген құжатта.

Сонымен бірге мекеме әкімшілігі бұл адамның жұмысқа орналасуына да көмектесуі керек. Мерзімін өтеп шыққан адам жұмысқа орналасуға көмек сұраған кезде мекеме әкімшілігі ол өтінішті дереу жергілікті атқарушы органдарға (мансап орталығына) жібереді.

Құжат 12 ақпанға дейін талқылауда болады. Ол алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз