Коммуналдық қызмет тарифтері биыл да қымбаттай ма – Ұлттық экономика министрі жауап берді

Жарияланды (жаңартылды )
Коммуналдық қызмет тарифтері биыл да қымбаттай ма/shutterstock

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров коммуналдық қызмет тарифтері қалай қымбаттайтынын, қымбаттауға не себеп екен айтты.

«Коммуналдық тарифтердің түзетілуі жыл сайын күтіледі. Себебі тарифтік бағдарлама жеті жылға есептелген. Егер барлығын 2-3 жылда жаңарту керек болса, онда коммуналдық тарифте айтарлықтай өсер еді. Ал бұл бірте-бірте өзгертіліп жатыр. Халық та, бизнестің де бой үйретуі үшін жасалуда. Сонымен қатар тарифтің өсуі инфляцияға да сәйкес болуы керек», – деді ұлттық экономика министрі.

Мұның барлығы сайып келгенде, көшеде атқарылатын жұмыстар. Яғни тозығы жеткен сумен қамту, су тарту сияқты жұмыстар – маусымдық болғандықтан, қыста жүргізу қиын.

Оның айтуынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының кейбір субъектілері мен түрлері бойынша тарифтің өсуі орта есеппен 10-15% шамасында болуы мүмкін. Ал жалпы коммуналдық қызметтер тарифі 20-30%-ға өседі.

«Бағаны шекті шамада ұстауға тырысамыз. Әйтпесе тарифтің өсуі едәуір болар еді. Инфляцияны да ұстап тұру керек. Коммуналды қызмет көрсету саласының барлығы қымбаттайды. Өйткені барлық инфрақұрылымның тозығы жетіп ескірген», – деді Қуантыров.

Сондай-ақ министр сумен жабдықтау бағасының қымбаттауына бөлек тоқталып өтті. Ол көптеген қазақстандық су бағасы арзан болғандықтан, үнемсіз пайдаланатынын айтты. Бұл құнды ресурс тапшылығына әкеліп соқтыруы мүмкін.

Министр мұндай жағдайда су  мұнайдан да қымбатқа түседі деп отыр.

Үкімет сонымен қатар аз қамтылған азаматтарға тарифтердің көтерілуіне өтемақы беруді қарастырған. Биыл  40 мың отбасына беріледі деп жоспарланып отыр. Егер бұрын коммуналдық қызмет ақысы отбасының айлық табысының 20 пайызынан асса төленетін, ал қазір бұл шама – 10 пайыз.

Жыл соңында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2024 жылы Қазақстанда коммуналдық тарифтер 15-30 пайыз қымбаттайды деп мәлім еткен.

«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30 пайыз көтеріледі» , – деді министр.

2023 жылы жазда электр қуаты мен су, жылу бағасы қымбаттаған. Ол кезде ұлттық экономика министрі осы саладағы мамандардың жалақысын көтеру үшін тариф қымбаттайды деген еді. Өйткені айлығы аз болған соң, білікті мамандар басқа салаға кетіп жатыр деген болатын.

Сондай-ақ Алматы қалалық мәслихаты коммуналдық қызметтерге тарифтердің көтерілуіне байланысты әлеуметтік көмек көрсету қағидаларын бекітті. Сөйтіп халықтың әлеуметтік осал топтары үшін өтемақы мөлшерін белгілеген.

​Қағида Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық қызметке тарифтердің өсуіне байланысты әзірленген.

«Қазіргі уақытта қалада халықтың әлеуметтік осал тобы (ХӘОТ) санатына жататын 315 430 азамат тұрады, оның ішінде: жасы бойынша 237 740 зейнеткер, 35 562 көпбалалы ана және көпбалалы отбасы, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 28 433 адам, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 8 591 отбасы, мемлекеттік мекемелерді орындау кезінде қаза тапқан адамдардың 534 отбасы, ҰОС 54 ардагері, басқа мемлекеттер аумағындағы 2 987 жауынгерлік іс-қимыл ардагері, сонымен қатар жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1 538 адам бар»,– делінген баспасөз хабарламасында.

​Коммуналдық тарифтердің өсуіне байланысты өтемақы ХӘОТ өтініші бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін ай сайын 0,5 АЕК (1725 теңге) мөлшерінде төленеді. Бұл сома 12 қызмет бойынша тарифтердің өсуіне қатысты беріледі.

Сондай-ақ оқыңыз