Кәсіпкерлердің 90 млн теңгесін иемденген аурухана есепшісі 7 жылға сотталды

Жарияланды
Кәсіпкерлердің 90 млн теңгесін иемденген аурухана есепшісі 7 жылға сотталды / shutterstock

Алматы облысы Ұйғыр аудандық орталық ауруханасының есепшісі мемлекеттік сатып алуға қатысқан кәсіпкерлердің 90 млн теңге қаражатын иемденгені үшін 7 жылға сотталды.

Қаражатты кәсіпкерлер аурухананың банктік шотына шарттардың орындалуына кепілдік түрінде енгізген. Аурухана есепшісі Д. есімді азаматша бұл қаражатты өз шотына аударып алған.

«Тексеру шеңберінде Алматы облысының прокуратурасы тағы 50 млн теңгеге бұзушылықтарды анықтады. Бұл қаржы 25 кәсіпкерге қайтарылуы қажет. Прокуратураның қадағалау актісімен ақшалай қаражаттың бір бөлігі бизнес субъектілеріне қайтарылды»,– делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Айта кетейік, мемлекеттік сатып алуға қатысқан компаниялар міндеттемені толық орындағанша мәміле толық құнының 3% мемлекеттік орган шотына аударады. Міндеттеме орындалғаннан кейін, ол қаражатты қайтарып алады. 

Мемлекеттік сатып алу шарттарына өзгеріс енгізілетіні туралы 2023 жылы қараша айында жазған едік. Атап айтқанда, тауар, жұмыс, көрсетілетін қызмет тізбесін сатып алуды жүзеге асыру тәсілдеріне өзгерістер енгізіледі.

Ұсынылып отырған жаңа Заң жобасы негізінде сатып алынатын тауарлардың, қызметтердің сапасын арттыру көзделген. Сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиядан арылту жоспарланды. Құрылыс нарығын монополиядан арылту және сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру ұсынылды. Сатып алу бойынша бірыңғай платформа құрылады.

Сонымен бірге жаңа заңға сәйкес конкурсты өткізу мерзімін 1 айға қысқарту ұсынылады. Қолданыстағы заңға сәйкес ол шамамен екі айды құрайды. Заң шеңберінде шарттық міндеттемелерін орындамаған өнім берушілермен шарт бұзылған жағдайда екінші мердігермен шарт жасасып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беру тетігі де енгізіледі.

Қоғамдық мониторинг енгізіліп, әсіресе, құрылысқа байланысты жұмыстар ерекше қадағаланатын болады. Мәселен,  жұмыстарды орындау кестелерін, шарттардың орындалуы бойынша есептер ашық жариялау талап етіледі, Сондай-ақ шарттарды орындау мониторингіне қоғамдық кеңестерді тарту ұсынылады.

Сондай-ақ оқыңыз