Ұлттық экономика министрі БЖЗҚ-дан бөлінген қаржыны «инвестициялық салым» деп атады

Жарияланды
Ұлттық экономика министрі БЖЗҚ-дан бөлінген қаржыны «инвестициялық салым» деп атады / коллаж kursiv.media

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров зейнетақы қорынан инфраструктуралық жобаларға бөлінген қаржыны сенімді «инвестициялық салым» деп атады.

«Зейнетақы қорынан бөлінген қаржыға «Бәйтерек» холдингінің облигациялары сатылып алынды. Себебі БЖЗҚ-дағы зейнетақы ақшасы айналымда болуы керек. Ол қаржы сенімді қаржылық инструменттерге салынуға тиіс. Бұл («Бәйтерек» облигацияларын сатып алу – ред.) сенімді инвестициялық салым»,– деді министр.

Бұған қоса, Қуантыров зейнетақы қорынан қаржы бөлу инфрастуктуралық жобаларға көмектесетінін атап өтті.

«Қаржы (БЖЗҚ-дан бөлінген қаржы – ред.)  жолаушылар және жүк тасымалы вагондарын алуға жұмсалады. Елдегі вагондар 50-80% ескірген. Вагондарды отандық компаниялар жасайтындықтан, бұл ақша Қазақстан экономикасында қалады»,– деді Қуантыров.

29 қаңтарда Ұлттық банк 173 млрд теңге БЖЗҚ қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алған. Банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынан атап өтті. Холдинг облигацияларын жылдық 13% кірістілік және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен сатып алды. 

«Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялардың жалпы көлемі 190 млрд теңгені құрады. Осы облигацияларды орналастыруға жалпы сомасы 17 млрд теңгеге БЖЗҚ-дан өзге де инвесторлар қатысты», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Бұған дейін «Бәйтерек» вагон сатып алуға биржадан 200 млрд теңге тартатынын жазғанбыз. Halyk Finance брокерлік компаниясы «Бәйтерек» Ұлттық холдингі Қазақстан қор биржасына құны 190 млрд теңге болатын 15 жылдық облигацияларын орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. 

Бір купондық облигацияның номиналы – 1000 теңге. Шығарылатын қағаздардың саны – 190 млн дана, өтеуге берілетін мерзім – 15 жыл, тіркелген купондық мөлшерлеме – 13%. Halyk Finance андеррайтер болады. Сыйақы төлеу облигациялар айналымы басталған күннен бастап әр 12 ай сайын, яғни жылына бір рет жүргізіледі.

26 қаңтарда «Бәйтерек» холдингі 15 жылдық облгацияларын KASE алаңында орналастырған. Холдингтің облигациялары нарықтағы бар инвесторларға ұсынылып, сауда-саттыққа 10 инвестор қатысқан. 

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17,9 триллион теңге зейнетақы жинағы жиналған. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, Ұлттық Банк сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17,8 трлн теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 26,8 млрд теңге берілді. 

Сондай-ақ оқыңыз