«Самұрық-Қазына» Qazaq Air-ді сату бойынша екінші конкурстың да өтпей қалғанын хабарлады

Жарияланды
Qazaq Air-ді сату бойынша екінші конкурс та өтпей қалды / shutterstock

«Самұрық-Қазына» ұйымдастырған Qazaq Air әуе компаниясын сату бойынша екінші конкурс та өтпей қалды. Компанияны сатып алуға ешкім өтініш бермеген.

«Самұрық-Қазына» АҚ конкурс шарттарына сәйкес келетін конкурстық өтінімдердің болмауына байланысты 2024 жылғы 9 қаңтарда жарияланған «QAZAQ AIR» АҚ-ның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сату бойынша қайта жүргізілген ашық екі кезеңді конкурстың өткізілмегені туралы хабарлайды», – делінген қор хабарламасында.

Енді «Самұрық-Қазына» әуе компаниясын сату туралы шарттарды қайта қарап, одан әрі шара қабылдайтын болады.

2023 жылы тамыз айында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл–ауқат қоры» акционерлік қоғамы Қорға тиесілі Qazaq Air АҚ-ның 49% -дан 100%-ға дейінгі акцияларын сату бойынша сауда-саттық өткізіп, ол кезде де компанияны сатып алуға ешкім өтініш білдірмеген.

Әуе компаниясын компаниясын сату жөніндегі екі сатылы ашық конкурс 18 тамызда жарияланды. Конкурстық өтінімдерді қабылдау 28 қыркүйекте аяқталуы керек еді, алайда Тәуелсіз Кеңесші ұсынысы негізінде бұл мерзім қыркүйек айының соңынан 13 қазанға, сағат 10:00-ге дейін ұзартылды. Мемлекеттік холдинг конкурсқа көбірек инвестор тарту және олардың арасындағы бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында мерзімдерді ұзартты. Бұл мемлекеттік холдингке тиімді шарттар негізінде әуекомпанияны үшінші тұлғаға беруге мүмкіндік жасауы тиіс. Инвесторлардың баға ұсыныстары конкурстың екінші кезеңінде қаралатын болады. Екінші кезеңге бірінші кезеңде біліктілік іріктеуінен өткен инвесторлар немесе олардың консорциумдары жіберіледі.

Qazaq Air не үшін бәсекелестік ортаға берілмек

Қазақстандық әуе тасымалдау нарығын дамыту, жаңа мүмкіндіктер қарастыру үшін, QAZAQ AIR әуе компаниясының ұшу географиясын кеңейтуге, флотты ұлғайтуға және инновациялық шешімдерді енгізу мақсатында жеке инвесторды тарту қарастырылып отыр. Жекешелендіруді «Самұрық-Қазына» АҚ Қазақстандық Ұлттық әл-ауқат қоры атынан авиакомпанияның жалғыз акционері жүргізеді.

QAZAQ AIR – тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі. Әуе компаниясы IATA ресми мүшесі және IOSA халықаралық өндірістік қауіпсіздік стандарты бойынша сертификатталған. Оның әуе кемелеріне желілік қызмет көрсету бойынша сертификатталған станциясы және авиациялық оқу орталығы бар. Шекаралас елдерге халықаралық авиарейстерді қоса алғанда, Астана қаласында базасы бар хабтық маршруттық желіге қызмет көрсетеді. 2021-2022 жылдары әуе компаниясы Skytrax халықаралық рейтінгісі бойынша Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік үш өңірлік әуе компаниясының қатарына енді.

Компания 22 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Оның 16-сы ішкі рейстер болса, 6 халықаралық рейс. 2022 жылы 561 000 жолаушы тасымалдаған. 2022 жылғы кірісі – 20,4 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз