КТК ықпалынан құтыла аламыз ба? 2022 жылы басталған геосаяси түйткілден кейін Қазақстан экспорттық маршрутты әртараптандыру туралы ойлана бастады. Сол жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий дәлізі бойынша тасымалды ұлғайтуға тапсырма берді. Аталған тапсырмаға сәйкес, «ҚазМұнайГаз» мен әзербайжандық «SOCAR» жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдайтын келісімге қол қойды. Келісім бойынша Теңіз кен орнынан шығарылған шикі мұнай «Баку – Тбилиси – Джейхан» (БТД) құбыр желісі арқылы тасымалданады.
БТД бағымыз ба?
2023 жылы еліміз Ақтау портынан 3 млн 376 мың тонна мұнайды экспортқа шығарыпты. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1 млн 108 мың тоннаға көп. Әрине, бұл көлемде БТД үлесі жоғары. БТД-мен мұнай жіберу 2022 жылғы 250 мың тоннадан 2023 жылы 1 млн 392 мың тоннаға (5,5 есе жоғары) артты. Соның ішінде Теңізден БТД бағытына қарай 1 млн 057 мың тонна мұнай жіберілді. Есепті кезеңде Ақтау портына Махачкала портына қарай 1 млн 984 мың тонна мұнай жіберілгенін де айта кету орынды.
БТД-дан бөлек, Қазақстан «Баку – Супса» мұнай құбырын пайдалану мүмкіндігін де қарастырып отыр. Сонымен қатар «Дружба» құбыры арқылы Германияға да мұнай жіберу басталды. 2024 жылы ол елге 1,2 млн тонна экспорт жасау көзделген. Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазір ҚМГ және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп Кеңқияқ – Атырау және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуаттылығын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Осы жобаларды іске асыру қазақстандық жүк жөнелтушілердің «Атасу – Алашанькоу» мұнай құбыры арқылы Қытайға экспорттық жеткізілімдерін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда біз осы бағытта мүдделі тараптармен тиісті жұмысты жалғастырамыз», деп мәлімдеді ведомство.
«Баку – Тбилиси – Джейхан» құны да арзан емес: тоннасына 112-124 доллар. Бұл бағыт бойынша мұнай әуелі теміржол цистерналарына құйылып Ақтау портына апарылады. Одан кейін танкерге тиеліп, Каспий теңізі арқылы Баку маңындағы портқа жеткізіледі. Әрі қарай мұнай құбыры арқылы Әзербайжан, Грузия, Түркия аумақтарын басып өтіп, Жерорта теңізіне дейін жол тартады. Сарапшы Расул Рысмамбетовтың айтуынша, шикі мұнайдың бүкіл ағынын БТД арқылы жөнелту мүмкін емес.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, былтыр Қазақстан 46,8 млрд долларға 65 млн тонна мұнай экспорттады. 2021 жылы көрсеткіш – 31 млрд доллар және 65,5 млн тонна болған еді. Ерте ме, кеш пе, өзімізде өндірілген мұнайдың ең құрыса 30 пайызын өңдеу мәселесі алдымыздан шығады. КТК – бұл «ақша жолы», кез-келген, тіпті гипотетикалық қауіп-қатер-бюджетке және жалпы тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Өкінішке қарай, кез келген мұнай-химиялық өндірісті жоспарлау және салу ең керемет жағдайдың өзінде 3 жыл уақытты алады. Біздің Иран арқылы мұнайға қатысты SWAP тақырыбына қайта оралуымыз екіталай. Қашағаннан Атасу – Алашанькоуға дейінгі мұнай құбырын тұрғызуды утопия деп айтсақ та болады. КТК арқылы жұмыс істеу тәуекелі жоғарылай түссе онда Ұлттық қордағы ақша қазіргі арынымызбен 1,5-2 жылға ғана жетеді. Сол себепті, Ұлттық қордан ақша алмауға тырысу өте маңызды және алдағы 2 жылда трансферттерден бас тарта тұру керек. Бұл қаншалықты реалды болар екен бірақ?», -дейді қаржыгер.
КТК – өміршең бағыт?
Дегенмен Қазақстан үшін Каспий құбыр консорциумы (КТК) бәрібір басым бағыт болып қала береді. 2023 жылы КТК арқылы 63,4 млн тонна мұнай экспортталды және бұл – рекордтық көрсеткіш. Экспортталған мұнайдың 88 пайызы (56 миллионы) – Қазақстан мұнайы. Жақында КТК өз жұмысын бір мәрте тоқтатып (ауа-райы жағдайына байланысты делінді), қайта жалғады. Бізде мұнай ел бюджетіне табыс түсіретін ең ірі экспорттық тауар болғандықтан, мұнайымызды түгелге жуық тасымалдап отырған КТК жұмысының тоқтап қалуы экономикамызға аса ауыр тиеді.
КТК бас директоры Николай Горбань жақында консорциум қуаттылығы артатынын, тиісінше Қазақстан аумағынан тиелетін мұнай көлемінің өсетінін мәлімдеді. Енді жылына 72 млн тонна қазақ мұнайы КТК арқылы экспортталуы мүмкін. Ал 2026 жылы Новороссийск түбіндегі теңіз терминалында орналасқан үш айналмалы құрылғының екеуін ауыстыруды жоспарлап отыр.
Горбанның айтуынша, КТК-ның капиталдық шығыны 2024 жылы 2,3 есе өсіп, 200 млн долларға жуықтамақ.
«Қазір консорциум қосымша резервуарлық парк құрылысын жоспарлап отыр. Бұл үшін технологиялық есептеулер жасалып, экономикалық негіз қарастырылады. Бірақ бұл мәселе акционерлер жиналысында әлі талқылауға шығарылған жоқ. Оның айтуынша, ауа-райының қолайсыздығы кезінде компания 80 сағаттан астам «өндірушілердің шектеулерімен» жұмыс істей алады және жүйеге мұнай қабылдауды жалғастыра алады»,- дейді КТК басшысы.
Энергетика саласының сарапшысы Кирилл Родионовтың айтуынша, ЕО-ның Ресей мұнайына теңіз импортына тыйым салған. КТК бойынша Қазақстаннан мұнай экспортын ұлғайту – экономикалық тұрғыдан орынды.
«Қазақстан қазірдің өзінде Грекия, Франция және Германияға (2023 жылдың 9 айы бойынша) шикізат жіберуді 2022 жылмен салыстырғанда 13 пайызға, 14,7 млн тоннаға дейін ұлғайтты. Бұл елдердің мұнай импорты құрылымындағы Қазақстан үлесі 11-ден 14 пайызға өсті. Қызыл теңіздегі йемендік хуситтер мен АҚШ және олардың одақтастары арасындағы қақтығыс жағдайында Қазақстан мұнайының экспортталуы тіпті өзекті бола түседі. Мұндай жағдай кезінде Таяу Шығыстан Еуропаға мұнай жеткізу уақытша қысқарады, сәйкесінше бұл қазақстандық мұнай үшін қосымша басымдық туғызады»,- дейді сарапшы.
«Дружба» бізге дос па?
Осыған дейін Қазақстаннан мұнай әкету бойынша ең төмен тариф «Дружба» мұнай құбырына тиесілі болып келді. Бұл құбыр көмегімен мұнайдың 1 тоннасы 29 доллардан тасымалданатын. Беларусь тарапы «Дружбаның» өз учаскесі арқылы өтетін бөлігіндегі тариф құнын 38 пайызға қымбаттатты. Ресей үшін баға 10,2 пайызға өсті. Жаңартылған тариф биыл 1 ақпаннан бастап күшіне енеді. Айтып отырған тариф өсімі Унеча- Адамова Застава маршруты бойынша. Бұл маршрутпен қазақ мұнайы Ресеймен шекараласқан тұстан бастап Беларусь пен Польша арқылы Германияға жеткізіледі. Қазақстан Беларусь учаскесі арқылы өткен мұнайының әр тоннасы үшін 3 171,47 теңге төлейді. 2023 жылы «ҚазТрансОйл» «Дружба» арқылы 993 мың тонна мұнай (Қарашығанақ мұнайы) тасымалдады. Биыл ол көлемді 1,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланған.
Жалпы, «Дружбаның» оңтүстік тармағымен ресейлік мұнай Беларусь арқылы Украинаға, одан әрі Словакия, Венгрия, Чехияға жеткізіледі. Солтүстік тармағы бойынша Беларус, Польша, одан әрі Германияға тасымалданады. Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, қазір Еуропа солтүстік тармақ арқылы Ресей мұнайын қабылдауды доғарған. Мұнай айдау ондаған есе төмендеп кетті. Бұл транзит арқылы келетін түсімдерге кері әсер етті. Әрі құбырды жөндеп, қызмет көрсету де – тәуір шығын. Тариф сол себепті көтеріліп отыр дейді ол.
«Дружбадан» кейінгі арзан маршрут – «Атырау – Самара» құбыры. Мұнда 1 тонна мұнай бағасы – 31 доллар. Одан кейінгі тиімді маршрут – КТК. Мұнайдың 1 тоннасы үшін 38 доллар төленеді. Argus мәліметі бойынша, ең қымбат маршрут – Атырау облысындағы Махамбет станциясынан теміржол арқылы тиеліп Қытайға жеткізілетін бағыт. Мұнда мұнайдың 1 тоннасы үшін 142 доллар сұрайды. Ал Батуми портына Қара теңіз арқылы мұнай жеткізу құны – 126-139 доллар аралығында. Бұл ретте де тауардың Атыраудағы теміржол станциясынан тиелетінін айта кетелік.
1:1
Қазақстанның да өз аумағы арқылы өтетін ресейлік мұнайдың тасымалы үшін де тариф көтергенін айта кетейік. «ҚазТрансОйл» экономикалық жағдайға байланысты «Түймаз – Омбы – Новосібір-2» (ТОН-2) магистралды құбыр желісі учаскесіндегі ресейлік мұнайдың транзиті үшін тарифті қазіргі 9,3 доллардан (тоннасына) 11,3 долларға дейін көтеруге шешім қабылдаған болатын. ТОН-2 Қазақстан және Ресей арқылы өтеді. Қазақстандағы учаскесі мұнайды Павлодар мұнай өңдеу зауытына және Қытай мен Өзбекстанға транзиттеу үшін қолданылады. Бұған дейін тариф тоннасына 4292,4 теңге болған және бұл соңғы 6 жылда өзгермеген.
Ал бірақ Ертіс өңірі – Атасу – Алашанькоу арқылы Қытайға жеткізілетін Ресей мұнайының қазақстандық бөлігіндегі тарифі өзгеріссіз қалатын болды.
«ҚазТрансОйл» дерегінше, 2024 жылдың 1 қаңтарынан 2033 жылдың 31 желтоқсанына дейін 10 млн тонна ресейлік мұнайды Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау құны тоннасына 15 долларды құрайды (ҚҚС-ты есептемегенде).
Транскаспий – тың бағыт
Қазақстан қалай болғанда да ұзақ мерзімді перспективада Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне басымдық береді. Былтыр жыл соңында Қазақстан мен Қытай Транскаспий дәлізін дамытуға қатысты құжатқа қол қойды. Транспорттық инфрақұрылымды тұрғызу, жүк тасымалдау бойынша озық технологияларды енгізу, түрлі транспорт құралдарын пайдалана отырып аралас тасымалды дамыту мәселелерін екі ел бірлесіп шешпек.
Қытайлық тараптың транспорттық маршрутты дамытуға, мемлекеттер территориясымен жүк тасымалы үшін қолайлы жағдай жасауға ниетті. Транзиттің қосымша көлемін тарту үшін логистикалық орталықтарды дамыту және аралас тасымалдауды үздіксіз қамтамасыз ету бойынша инвестиция құюға да ниеті бар көрінеді.
Жалпы, еліміз ай сайын 4,5-6 млн тонна мұнай сатады. Бұрын тек Еуропа елдері басым позицияда болды. Соңғы жылдары тұтынушылар арасында Азия елдерінің де үлесі әжептәуір артты. Экономикалық зерттеулер институтының хабарлауынша, 2013-2018 жылдар аралығында отандық мұнай экспортының 83 пайызы Еуропаға кеткен. 2022 жылдың наурызынан 2023 жылдың ақпанына дейінгі аралықта бұл көрсеткіш 63 пайызға дейін түскен.