Жаңалықтар

ЕО шешімі: Ресейдің Бельгияда бұғатталған активтерінен түсетін пайда бөлек тіркеледі

Ресейдің бұғатталған активтері
Ресейдің бұғатталған активтерінен түскен пайда Украинаға көмек ретінде жіберілуі мүмкін /Фото: kursiv.media

ЕО елдері Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін пайданы бөлек тіркеуге келісті.

Еуроодақ елшілері Еуропалық комиссия бекіткен директиваны алдын-ала мақұлдаған. Оған сәйкес Ресейдің Белгияда бұғатталған активтерін Euroclear халықаралық депозитарийінде қайта инвестициялалаудан түсетін пайда бөлек тіркеледі. Ресей активтері 260 миллиард еуроның 191 миллиарды Бельгияда орналасқан.

Келісім бойынша Еуропалық Одақ елдері бұл активтерден түсетін таза пайданы Украинаны қолдауға жұмсау туралы шешім қабылдағанша, Euroclear компаниясы акционерлерге дивиденд төлемейді. Ол үшін ЕО-ға мүше мемлекеттер де депозитарийдің заңдық және әкімшілік шығындарын жабуға қажетті соманы анықтауы керек. Бұл ұсыныс болашақтағы табыстарға қатысты болып отыр.

Жалпы Еурокомиссия директивасына сәйкес Ресей активтерінен түсетін пайда толық тәркілеуге жатпайды. Себебі Еуропа Орталық банкі мен жетекші мемлекеттер активтерді тәркілеу қаржылық тұрақсыздыққа әкеліп соғуынан сақтанады. Ресей тарапынан да жауапты шаралар қолдануы мүмкін деп алаңдайды.

2022 жылдың ақпанында Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс басталды. Осыдан кейін АҚШ, ЕО және басқа да одақтас елдер бірігіп Ресейдің Орталық банкімен және Ресей Қаржы министрлігімен транзакцияларға тыйым салды. Нәтижесінде Ресейдің Батыстағы 300 миллиард долларға жуық тәуелсіз активтеріне тыйым салынды.

Еске сала кетсек, өткен жылдың наурызында еуропалық депозитарийлер – Euroclear және Clearstream ресейлік Ұлттық есеп айырысу депозитарийінің шоттарын бұғаттады. Бағалы қағаздармен жасалған барлық операцияға да тыйым салды. Салдарынан қазақстандық инвесторлар сатып алған құнды қағаздар да бұғатталды.

Ал 2023 жылдың қыркүйегінде АҚШ Ресейдің шетелде бұғатталған активтерінің есебін жариялады. Оған сәйкес шетелде бұғатталған Ресей активтерінің сомасы шамамен 280 миллиард долларға жетіп жығылған. Қазір Ресей активтерінің дені Еуропалық Одақ (ЕО) тұзағына түсіп, тым-тырыс жатыр.