Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан әскерінің әлеуметтік жағдайы нашарлап кетті – Қамалетдинов

Жарияланды
Қазақстан әскерінің әлеуметтік жағдайы
Қазақстан әскерінің әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткенін байланысты 3 жылда 17 мың әскери қызметтен бас тартқан / Фото: kursiv.media

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан әскерінің әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен. Бұл жайлы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов айтты.

«Тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік жағдайы тұтастай нашарлап кетті. Өйткені армияны әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесі бірқатар өзгерістерге ұшырады»,– деді ол.

Айтуынша қолданыстағы 2012 жылғы 16 ақпандағы Заң 1993 жылғы 20 қаңтардағы «Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғау туралы» Заңымен салыстырғанда нашарлап кеткен. Заңнамалық актілерге өзгеріс еніп, әскерилер көптеген артықшылықтар мен жеңілдіктерден, төлемдерден айырылған. Бұл өз кезегінде әскери қызметкерлердің отбасы мүшелеріне де кері әсерін тигізген.

Мысалы, бұған дейін полигондағы жаттығуларға, іссапарға күнделікті үстемеақысының 60% мөлшерінде қосымша қаражат қарастырылған. Сонымен бірге бірінші келісімшартты жасау кезінде біржолғы ақшалай сыйақы да болған. Бірақ қазір ондай ынталандыру қаражаттары төленбейтін болған. Сонымен бірге зейнетке шығу жасы да ұзарып кеткен.

«1998 жылға дейін әскери қызметшілер 20 жыл еңбек сіңіргеннен кейін зейнетақы алуға құқылы болды, оларға жалақысының 60-тан 85% -ға дейінгі аралықта тағайындалатын. Қосымша төлемдер мен тұрақты жәрдемақылар, оның ішінде азық-түлік рационының құны да 20 жылдан астам қызмет еткен әрбір жыл үшін 3% көлемінде есептелетін. Ал бүгінгі күні зейнетақы алу құқығы 25 жыл еңбек өтілінен соң, тек жалақы көлемінен 50-65% шегінде лауазымы мен әскери атағы бойынша тағайындалады»,– дейді Қамалетдинов.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әскери қызметкерлердің жалақысының да айтарлықтай төмен екенін айтты. Мұндай жалақы жастарды әскери қызмет атқаруға ынталандырмайды. Тіпті соғыс уақытында да жағдайды қиындатуы мүмкін екенін атап өтті.

«Ақшалай жәрдемақылар көлеміндегі ағымдағы диспропорция соғыс уақытында демотиваторлық факторлардың бірі болуы мүмкін, өйткені барлық әскери құрамалар Қорғаныс министрлігінің құрамына кіреді, бірақ оларға ақшалай жәрдемақылар белгіленген жалақы көлеміне сәйкес қана төленеді», – дейді ол.

Үш жылда 17 мың әскери қызметкер қызметтен кеткен

Сұлтан Қамалетдинов әскери қызметкерлердің жұмыс істеуден бас тартуы жиілеп кеткенін айтты. Оған себеп – төленетін қаржы көңілдерінен шықпайды. Мәселен, 2020-2023 жыл ішінде 17065 әскери қызмкеткер жұмыстан кеткен.

«Әскери қызметкерлердің әскерден кетуі ерекше алаңдатады. Жыл сайын олардың қатары көбеймесе, азайған жоқ. Тек 2020-2023 жылдар аралығында Қарулы Күштер қатарынан 17 065 әскери қызметші шығарылды, оның 4 301-і офицерлер, 12 764-і келісімшарт бойынша істеген әскерилер. Салыстыру үшін айтайын, бұл көлемнен шамамен 15 механикаландырылған бригада құруға болады»,– дейді ол.

Министрлік өкілі армия қатары 14311 қызметкермен толыққанын айтты. Алайда ол жұмыстан кәсіби білікті мамандардың кетіп жатқанын, олардың орнын толтыру қиынға соғатынына қынжылды.

«Бұл мәселені шешу үшін медициналық әскери мамандығына сәйкес қызметке шақырылған запастағы офицерлерге 100 АЕК мөлшерінде қосымша көтерме жәрдемақы төлеуді заңмен бекітуді ұсынамыз»– деді Қамалетдинов.

Ол осы орайда әскери қызметкерлер мен жауынгерлердің әлеуметтік және медициналық жағдайын көтеру үшін ел бюджетінен қосымша қаражат қарастыруды сұрады.

«Қорғаныс министрлігіне Үкіметтің экономикалық блогымен бірлесе отырып, осы қажеттіліктерге белгіленген тәртіпте қаражат бөлуді пысықтауды тапсыру қажет деп санаймыз»,– деді ол.

Еске сала кетсек, биыл запастағы 750 офицер екі жылға әскери қызметке шақыртылады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан
Республикасы Заңының 32-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне – 600, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне – 80, ҚР Ішкі істер министрлігі Ұлттық Ұланға – 42, ҚР Төтенше жағдайлар қызметіне – 30 офицер шақыртылған.

Сондай-ақ оқыңыз