Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жыл салықтан босатылады – Премьер-министр

Жарияланды
орта бизнестің
primeminister.kz и shutterstock

Өңдеу өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлер 3 жыл салықтан босатылады. Бұл жайлы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты.

Үкімет басшысы алда орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру мақсаты тұрғанын атап өтті. Сол межеге жету үшін бизнестің дамуына жағдайда жасалуы керектігіне тоқталды. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобаларға серпін беру маңыздылығына тоқталды.

«Өңдеу өнеркәсібіндегі  жаңа жобаларға серпін беру үшін нормаларды пысықтауды жеделдетіп, кейбір салықтардан 3 жыл босата тұру қажет. Салықтардың санын 20%-ға, ал салық жөнінде есеп беру нысандарын 30%-ға қысқарту керек»,деді премьер-министр.

Жиында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 36,5%-ға дейін өскені айтты.

«Ресми статистика деректеріне сәйкес соңғы жылдары жалпы ішкі өнімде шағын және орта бизнес үлесінің өсуі байқалады, 2021 жылғы – 2023 жылғы кезеңде қазақстандық шағын және орта бизнестің экономикаға қатысуы 33,5 %-дан 36,5%-ға 3 п.т. өсті»,– деді министр.

Қуантыровтың айтуынша, мемлекет тарапынан бизнеске үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кредит сомасы шамамен 1 трлн теңгені құрайтын 12 мыңнан астам бизнес жобасы кредиттерді субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен қамтылған. Ал 340 млрд теңге сомасына 8 мың жоба бойынша кепілдік берілген.

Өңірлер бөлінісінде субсидиялау жөніндегі жобалардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Алматы және Ақтөбе облыстарында іске асырылған. Ал Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында жобалар аз екен.

Министр «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары негізінде бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған салаларды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға баса назар аударылғанын айтты.

Әлихан Смайылов бизнестің экономикадағы үлесін арттыру үшін кәсіпкерлерге лайықты жағдай жасалуы қажеттігін атап өтті.

«2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 40%-ға дейін жеткізуіміз керек. Осы мақсатқа жету үшін қазірдің өзінде кәсіпкерлік қызметте жаңа реттеуші саясат енгізілуде. Жүргізіліп жатқан «таза парақтан» реформасы бизнесті белсендіру жолында ынталандырушы шаралардың тиімділігін арттырады»,– деді премьер-министр.

Үкімет басшысы бұл саладағы кейбір мәселелер шешілмеген күйінде қалып отырғанына тоқталды. Олар өз кезегінде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретінін айтты. Атап айтқанда, әкімдіктердің бизнестің базалық инфрақұрылымға қосылу бойынша өсіп келе жатқан қажеттілігін игере алмай отырғанын айтқан Үкімет басшысы, өңірлерге   жоспарланған жобаларды уақытылы пайдалануға беру үшін инженерлік желілер мен коммуникацияларды жеделдетіп жүргізуді тапсырды.

Еске сала кетсек, шағын және орта бизнес иелері бұрынғыдай БЖТ (ЕСП) төлемейді. Олар үшін арнайы салық режимдері енгізілген. Жаңа режимге сәйкес интернет-платформалар арқылы табыс табатын тәуелсіз қызметкерлер 1 млн теңгеден аз кіріс үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей салық төлей алады.

Сондай-ақ оқыңыз