«Қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған: ҰҚК қару-жарақ қоймасын тапты

Жарияланды
қару-жарақ
«Қаңтар оқиғасында» 2960 бірлік қару-жарақ ұрланған / Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыдан қару-жарақтың қоймасын тапты. Бұл жайлы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, бұл қарулар Қаңтар оқиғасында ұрланған болуы мүмкін.

«2024 жылғы 24 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында қару арсеналы жасырылған орынды анықтады. Алдын ала деректер бойынша, табылған қару «қаңтар оқиғалары» кезінде ұрланған«, – делінген хабарламада.

Бұл қоймадан «Калашников» автоматтары, тапаншалар мен мылтықтар табылған. Тінту барысында барлығы 30 бірлік қару-жарақ, сондай-ақ 5 граната, 10 түтіндету құтысы және әртүрлі калибрдегі 221 патрон алынған.

Айта кетейік, 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде 2960 бірлік қару ұрланған. Ол қару-жарақты іздеу 2 жыл бойы жалғасып келеді. Былтыр 10 айда полиция қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған болуы мүмкін 934 қаруды тәркілеген. 

Өткен жылдың ақпанында Алматы қаласында заңсыз қару айналымы арнасының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өткізілді. Нәтижесінде заңсыз қару сатқандар ұсталды, деп хабарлайды Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің баспасөз қызметі.

Заңсыз айналымнан 12 бірлік қару, 2 мыңнан аса оқ-дәрі алынды. Сонымен қатар суық қарудың бірнеше түрі алынған.

Бұл операция алдында ұзақ жедел зерделеу жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде оқ-дәрі мен өзге де суық қару, сонымен қатар оқ-дәрінің сирек кездесетін түрлерін жеткізу мен сату жүйелері анықталып, құжатпен бекітілген.

Қаскөйлер құпиялық шараларын қатаң сақтап, қару өткізудің әдеттен тыс әдістерін пайдалану арқылы қылмыстық ұйымның жұмысын әшкерелеуді қиындатқан.

Қару-жарақтың негізгі бөлігі жақын шет елдерден қалыптасқан құпия арналар арқылы жеткізіліп тұрғаны анықталды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мыңдаған қарудың ұрланғанын, ол қаруды қаскөйлердің қайта пайдалануы мүмкін екенін айтты.

Белгілі бір сәтте алаңға нағыз лаңкестер шықты. Қарақшылар полиция әлі іздеп жүрген мыңдаған қаруды ұрлап кеткен. Өкінішке орай, қарудың бәрі әлі табылған жоқ және оны қайтадан пайдалануға мүмкіндік бар, – деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз