Екібастұз ГРЭС-1-ге қатысты монополияға қарсы тергеу басталды

Жарияланды
Екібастұз ГРЭС-1-ге қатысты монополияға қарсы тергеу басталды/Фото:БҚДА

Екібастұз ГРЭС-1-ге қатысты монополияға қарсы тергеу басталды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Төрағасы Марат Омаров алқа барысында үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша айыпталған «Болат Нұржанов» атындағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС қатысты тергеп-тексеру жүргізу туралы мәліметтермен бөлісті.

Агенттіктің мәліметінше, компания өз көлемінің бір бөлігін жылдан жылға әдейі сатпайды. Бағаны шекті рұқсат етілген деңгейде ұстап тұру үшін сауда-саттықтағы бәсекелестіктен бас тартады. Нәтижесінде түпкілікті тұтынушылар үшін электр энергиясының қымбаттауына әкеледі.

«Тергеу жалғасуда, оның қорытындысы бойынша тергеу объектісінің іс-әрекеттеріне тиісті баға берілетін болады.Сонымен қатар, электр энергиясы нарығында KEGOC-қа қатысты шаралар қабылданды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр»-делінген хабарламада.

Айта кетейік 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясы қымбаттайды. Бұйрыққа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойды деп хабарладық.

Жаңа тариф саясатын қолдану үшін «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы бұйрығына өзгеріс енгізілді.

«Электр энергиясына шекті тарифтер осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын»,– делінген Алмасадам Сәтқалиев қол қойған бұйрықта.

Энергетика министрлігі электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясы қымбаттату мәселесін бұдан біраз бұрын көтерген. Іс барысында электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдардың 55 тобы таңдалған. Әр топ бойынша нақты шешім қабылданған.

Еске сала кетсек, былтыр Екібастұз ГРЭС-2-ні жаңғыртуға Ресей мен БЖЗҚ-ның қаржысы тартылуы мүмкін деп хабарладық.

Екібастұз ГРЭС-2 энергоблоктарын жаңғыртуға Ресей мемлекеттік корпорацияларының қаржысы мен Бірыңғай зейнетақы қорының қаражаты тартылуы мүмкін. Оған қоса Ресей тарабы технологиясын да ұсынуға әзір. Бұл туралы «Самұрық-Энерго» АҚ жобалық кеңсесінің басшысы Аңсар Айдаров айтты.

«Иә, Ресей тарабынан қызығушылық бар… Ол жақтан қаржы, субсидияланған қаржы келуі мүмкін. Түрлі мемлекеттік корпорациялар технологиялық шешім және қаржы ұсынуға әзір. Сонымен қатар, ЕРС қызметін ұсынуға дайын (EPC келісімшарты бойынша мердігер нысанды жобалау, сатып алу, салу және оны іске қосу үшін жауапкершілікті өз мойнына алады- «Курсив»)», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз