AERC: Қазақстан экономикасы 2024 жылы 4,6% өседі

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
AERC
AERC экономика өседі деген болжам жасайды Фото: kursiv.media

AERC Қазақстанның экономикасы 2024 жылы 4,6% өседі деген болжам жасайды. Қазан айнындағы болжам 4,2 пайыз еді. Алайда сарапшылар биыл бюджет көрсеткіштері айтарлықтай нашарлап, инфляцияның төмендеуі баяулайды деп тұжырымдайды.

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығы тоқсан сайынғы «Қазақстанның макроэкономикалық шолуын» жариялады. Сарапшылар 2023 жылғы өсімді қайта қарау және елеулі фискалдық ынталандыру жалғасады деген болжам есебінен Қазақстан экономикасы өсім болжамын 2024 жыл 4,4%-4,6%-ға дейін көтерді.

Зерттеу орталығы болжамын қайта қаруына бірнеше сыртқы және ішкі алғышарт себеп. Оның біріншісі – мұнай бағасы. Brent маркалы 1 баррель мұнай бағасы биыл орта есеппен 85,0 долларды құрауы ықтимал. Бұл көрсеткіш қазан айындағы 88,0 доллар деген болжамнан біршама төмен. Оған себеп – әлемдік нарықта мұнай бағасының құбылуы. 2023 жылы шикі мұнай фьючерстері өз құнының 10 пайызын жоғалтқан. Қара алтынға деген сұраныс та тұрақсыз.

Екіншіден, Қазақстанның сауда әріптес елдерінің (Ресей, ЕО, Қытай) экономикасы 2024 жылы 1,7%-ға өсуі ықтимал. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі болжам деңгейінде сақталған.

Ішкі алғышарттарға келер болсақ, 2024 жылы Қазақстандағы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі 88,0 млн тонна деңгейінде қалыптасуы ықтимал.Қазан айындағы болжам: 86,0 млн тоннадан жақсарғанымен, былтырғы өндіріс көрсеткішінен төмен. Өйткені Қазақстан OPEC+ келісімі аясында мұнайы өндірісі көлемін ерікті түрде қысқартады.

Тағы бір алғышарт – негізгі капиалға салынға инвестиция. Премьер-Министр Қазақстанда 4,6 трлн теңгеге 400 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын ресми түрде хабарлады. 2024 жылы ресурстық емес секторларда жалпы сомасы 32 трлн. теңгеге 970 инвестициялық жоба қалыптасты. Жоғарыда көрсетілген Үкімет жоспарларын ескере отырып, AERC 2024 жылға арналған негізгі инвестиция болжамын түзетіп, оны жылына 7,5%-дан 10,0%-ға дейін арттырды.

Теңге бағамы қандай болмақ?

Сарапшылар 2024 жылға АҚШ долларының орташа бағамын 473,2 деңгейінде қалыптасады деп болжайды.

Ал орташа жылдық инфляция 8,8% (ж/ж) болады деп күтеді. Қазан айындағы болжаммен салыстырғанда өсім Ресей Федерациясындағы инфляцияның жоғарылауы және Қазақстандағы ақша массасының өсу қарқынының күрт жеделдеуімен түсіндіріледі. Былтыр жыл аяғында ақша массасының артуы инфляцияға кешірек әсерін тигізуі мүмкін.

Төлем балансындағы ағымдағы шот тапшылығы 2024 жылы ЖІӨ-нің -5,7% немесе -14,0 млрд АҚШ доллары деңгейінде, ал мемлекеттік бюджет тапшылығы 6,4 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 5,5% деп болжанған.

️Мамандар 2024 жылы мемлекеттік бюджет шығысы 26,2 триллион теңгеге жетеді деп отыр. Ал «2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда 2024 жылы бюджет шығыны 24 трлн теңге деңгейінде қалыптасады деп көрсетілген. Яғни сарапшылар бюджет шығын құжатта көрсетілген сомадан асып түседі деп болжайды.

Сондай-ақ оқыңыз