Жаңалықтар

Президент ҚМГ басшысына геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтуді тапсырды

Президент ҚМГ басшысына
Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту қажет. Фото: kursiv.media

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевке геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Президент ҚМГ басшысына мұнай экспортының бағыттарындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді міндеттеді.

Мемлекет басшысының қабылдауында болған Мырзағалиев ұлттық компанияның 2023 жылғы операциялық және қаржы қызметінің қорытындысы туралы есеп берген.

Былтыр «ҚазМұнайГаз» 2022 жылмен салыстырғанда негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша өсімге қол жеткізген.

Компания басшысы Президентке Қазақстан мұнайының экспорттық бағыттарын дамыту ісі жөнінде баяндаған. Атап айтқанда, Германияға және Әзербайжан бағытына «Баку – Тбилиси – Джейхан» мұнай құбыры арқылы шикізат жеткізіле бастаған. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктеріндегі серіктестермен бірлесіп, танкер флотын кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар Мағзұм Мырзағалиев Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» теңіз жобасы мен ұлттық компанияның геологиялық барлау бағдарламасының қалай жүріп жатқанын жеткізді.

Президент ҚМГ-ның мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған жұмысына ерекше мән беру қажет деп санайды.

«Кездесу соңында Мемлекет басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, көмірсутегі экспортының бағыттарындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді. Президент ұлттық компанияның мұнай-газ химиясын дамытуға бағытталған жұмысына ерекше мән беру қажет екенін айтты»,– делінген Ақорда хабарламасында.

Бұған дейін ҚМГ «Жеңіс» мұнай-газ жобасында көмірсутек қоры анықталмағанын хабарлаған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаровты қабылдаған.

Байбазаров Президентке холдингтің 2023 жылғы қызметінің нәтижесі, соның ішінде кәсіпкерлік пен агроөнеркәсіп кешеніне қолдау көрсету, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жөнінде есеп берді.

Былтыр холдинг активінің өсімі 12 пайыз болған. Компаниялар тобының инвестициялық және кредиттік портфелі 10 пайызға артқан. Ал таза табысы 7 пайызға жетіп, 400 миллиард теңгеден асқан.