Кореяның KEPCO компаниясы Қазақстандағы бірнеше ЖЭО-ның жағдайын тексереді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
KEPCO Астана, Алматы, Павлодар және Топар жылу электр орталығына пилоттық зерттеу жүргізеді деп жоспарланған.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Кореяның KEPCO және DOOSAN ENERBILITY электр энергетикалық корпорацияларының вице-президенттері Шин Чжон Ген және Янг Юн-Х-мен кездескен. Кездесуде тараптар Қазақстанның бірнеше электр станциясының жағдайын зерттеу мәселесін талқылаған. Ондағы мақсат – алдағы уақытта инвестиция салу.
«Зерттеу нәтижесі бойынша станцияларды одан әрі пайдалану, жаңғырту және олардың экологиялық көрсеткіштерін жақсарту перспективалары бойынша сараптамалық баға күтеміз»,– деп атап өткен Энергетика министрі.
Еліміздің бірнеше қаласындағы ЖЭО-да апат болып, Екібастұз сынды қалалар қар құрсауында қалған соң, Энергетика министрлігі жылу электр станциялары мен желілерінің жай-күйіне тексеріс жүргізген.
Тексеріс нәтижесі көңіл көншітпейді. Еліміздегі 19 жылу электр орталығы апатты жағдайда тұр. Бүкіл ЖЭО жабдықтары 66 пайызға тозған. Оларды жөндеуге 182 млрд теңге қажет.
2023 жылы 27 маусымда өткен Үкімет отырысында Әлихан Смайылов жылыту маусымына дайындық барысында әкімдіктер мен орталық мемлекеттік органдардың жұмысынан бірқатар кемшілік бар деп мәлімдеді.
Былтыр Ресей Қазақстанға 3 ЖЭО салып беретіні белгілі болды. «Интер РАО – Экспорт» компаниясы Көкшетау, Семей және Өскемен қаласында жылу электр орталығын салатын болды. Жаңа көмір энергоблоктары бой көтереді.
Қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО Көкшетауда 2027 жылы салынып бітетіні жайлы ақпарат тараған. Құрылыстың жалпы құны 239 миллиард теңгеден асады. Бұған дейін Энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салуға екі рет тендер жариялағанымен, бірде-бір инвестор өтінім бермеген.