Досаев Алматыдағы екі жылдық қызметі туралы: Мен де мінсіз әкім емеспін

Жарияланды
Мен де мінсіз әкім емеспін – Досаев / gov.kz/Алматы қаласының әкімдігі

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев өзінің қалаға әкім болғанына екі жылдан кейін өз жұмысына қандай баға беретінін айтты.

Алмалы ауданы тұрғындарымен өткен кездесуде әкімге «Екі жыл ішіндегі қандай жұмысыңызбен мақтанасыз?» деген сұрақ қойылды.

«Алматы қаласының дамуына шын жүректен қызмет етіп жүргеніме(мақтанамын – ред.). Көп жұмыс атқарылды. Кейбір істі аяқтап үлгермедік. Бірақ мұны жеке айту керек деп есептеймін. Әйтеуір бір айтылатын әңгіме деп ойлаймын»,- деді әкім. 

Досаев өз жұмысына қатысты жеке көзқарасынан гөрі қала тұрғындарының пікір маңызды екенін айтты.

«Менің жеке көзқарасым емес, қала тұрғындарының пікірі (маңызды – ред.). Бүгін кездесу, келешектегі кездесулер мен біздің істеп жатқан жұмыстарымыз оң баға алатын болса, яғни мен өз орнымда дұрыс отырмын. Жұмысты сапалы атқаруға тырысамын», – деді Досаев. 

Бұған қоса, қала әкімі өзінің сұрақтарға жауап беруге дайын екенін айтып, өз әкімшілігінің халық үніне құлақ асады деген үміті барын атап өтті.

«Егер сұрақтар болса, біз керең емеспіз деп үміттенемін. Халық үніне құлақ асамыз. Әрдайым сіздермен бірге алға жылжып, мәселелерді шешуге тырысамыз. Біз тірі адамдармыз. Біз идеал емеспіз. Мен де мінсіз әкім емеспін. Екі жылда әртүрлі кезең болды. Уақыт болғанда айтып беремін», – деді әкім.

Алматыдағы Сайран көлін 2024 жылдың соңына дейін қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл туралы Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

«Өткен жылы күзден бастап мердігерді таңдауға байланысты конкурстар өткізілді. Бір конкурс тоқтатылды, екінші конкурстан кейін желтоқсанда біз (келісім-шарт – ред.) жасай алдық. Уәде етілгендей, жоба дайын, біз тек мемлекеттік сатып алу бойынша серіктесіміздің жұмыс сапасына сенеміз. Жыл соңына қарай Сайранның жаңа бейнесін көреміз», – деді әкім.

Сондай-ақ оқыңыз