«Жаңбыр, қар, күн»: Шаққалиев жұмыртқа бағасының өсу себебін түсіндірді

Жарияланды
«Жаңбыр, қар, күн»: Шаққалиев жұмыртқа бағасы неге өсетіні туралы / коллаж kurisv.media

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанда жұмыртқа бағасы неліктен өсіп жатқанын түсіндірді. Мәжіліс кулуарында журналистерге берген жауабында ол баға өсіп жатқанын жасырмайтынын айтты.

«Маусымдық өсім барын жасырмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша айына 0,2% қымбатшылық бар. Баға динамикасы әрдайым маусымға қарай өзгереді. Жазда жұмыртқа бағасы арзандайды, қыста қымбаттайды. Маусым, жаңбыр, қар мен күн сәулесі де бар», – деді Шаққалиев.

Министрдің сөзінше, Пасха мерекесінен кейін Қазақстанда жұмыртқа арзандай бастайды.

«Пасхадан кейін мамыр-маусым айларында баға төмендейді. Бағаның күрт құбылмауы үшін тұрақты бағаны ұстауға тырысамыз. Мысалы, бір жылда 10 жұмыртқа үшін 500 теңгеге дейінгі баға сақталады да, қыста қымбаттап, жазда арзандамайды»,– дейді министр.

Бұдан бөлек, Ресеймен серіктестік аясында көрші елге жұмыртқа экспортталатынын айтты. Серіктестік келісім негізінде 1 млн дана жұмыртқа көрші елге жіберілуі қажет.

«Қазақстандағы 34 фабрика шамамен 5,1 млрд дана жұмыртқа дайындайды. Біз елде 5 млрд данасын тұтынамыз. Сондықтан кәсіпкерлер елде сата ма, Ресейге шығара ма өздері біледі. Біз тек тауар айналымын көбейтіп, көрші ел нарығына шығуға мүмкіндік жасай аламыз»,– деді министр.

Үкімет 2024 жылы әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тізімінен 9 тауарды алып тастау жоспарлаған. Олар: тұз, ұн, макарон, қарақұмық, күріш, нан, сүт, картоп пен тауық жұмыртқа. Яғни енді бұл азық-түлік түрлеріне шекті баға белгіленбейді. 

Баға мен тарифтерді мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі Жол картасы бар. Оған сәйкес, келер жылдан 9 азық-түлік түріне шекті баға енгізілмейді. Өйткені жергілікті нарықты отандық өндіріс 100 пайыз қамтып отырған көрінеді.

Премьер-Министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаевтың атынан жолданған хабарламада ӘМАТ тізімінен 2025 жылы қалған 10 азық-түлік те сызылатыны жазылған.. Олар: сәбіз, пияз, ақ қырыққабат, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық сан еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5% айран, 72,5 пайыздық тұздалмаған сары май, майлылығы 5-9% сүзбе, құмшекер. Бұл тауарлар бойынша 2025 жылға қарай импорт алмастыру 100 пайызға жетуге тиіс. 

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев «Үкімет 2024 жылы да әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын реттеуді жалғастырады» деп мәлімдеген еді. 

«Министрлік әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түрі бойынша жұмыс жүргізеді. Сол тізімдегі тауар өндірушілер және сауда желілерімен тікелей жұмыс істейді. Азық-түлік қатты қымбаттамас үшін, үстінен қосылатын үстеме ақысын реттеп отырамыз», – деді вице-министр.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин адамдар үй маңындағы шағын дүкеннен емес, базар мен супермаркеттен сауда жасауы керек деді.

«Үйдің қасындағы шағын дүкендерде баға қымбат болады…. Қымбат бағаға ұрынбау үшін қарапайым адамдар демалыс күндері базарда немесе супермаркеттерде сауда жасауы керек. Бұл жерде баға төмен болады. Үйдің қасындағы шағын дүкендердегі бағаны негізге алмау қажет. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенген дұрыс. Бұл сенуге болатын жалғыз мемлекеттік мекеме», – деді Жұманғарин.

Дегенмен премьер-министрдің орынбасары соңғы 6 айда жұмыртқаның бағасы айтарлықтай қымбаттағанын мойындады.

Сондай-ақ оқыңыз