Үкімет өз резервінен 3,8 млрд теңге қаражат бөледі. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Қаражат еліміздің ветеринариялық зертханаларын заманауи құрылғымен жабдықтауға жұмсалады.
Бұл қаражатқа ветеринариялық зертханалар дәлдігі жоғары құрылғы – сұйық хроматографпен қамтылады. Аталмыш құрылғы халықаралық ұсынымдар және Codex Alimentarius ережелері мен талаптарына сай жұмыс істейді. Сол себепті әрбір ветеринариялық зертханаларда мұндай құрылғалардың болуы абзал.
Заманауи үлгідегі бұл құырылғылардың көмегімен ветеринария саласында дәл және нақты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік туады. Солайша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылады.
Тиімділігі жоғары сұйық хроматограф тағам өнімдеріндегі зиянды заттардың болмашы іздерін анықтауға мүмкіндік беретін құрылғы халықтың денсаулығын тағам арқылы таралатын қауіпті аурулардан қорғауға елеулі үлес қосады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның басқа елдерден жеткізілетін өнімдерді бақылау мүмкіндігі айтарлықтай артады. Сондықтан да Үкіметтің аталған қаулыны қабылдауы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам саналады.
Еске сала кетсек, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресейден келетін азық-түлік өнімдерін мұқият тексеру керегін ескерткен. Ол ресейліктердің Қазақстаннан келетін өнімдерді мұқият тексеретінін, дәл сондай бақылау бізге де қажет екенін айтқан.
Әшімбаев халықтың денсаулығын сақтау мақсатында тексеріс дұрыс жүргізілуі маңызды екенін және сол үшін елге кіретін барлық өнімдер санитарлық, фито-санитарлық, ветеринарлық бақылаудан өтуі міндетті екенін атап өтті.
«Кәсіпкерлер Ресейге азық-түлік жеткізу тәртібінің күрделі екенін айтты. Олар 15-20 күнге дейін түрлі тексерістерден кейін ғана, Ресейге өтеді екен. Демек біздің азық-түлігіміз мұқият тексерілетін болса, неге біздің елге келетін азық-түлікке дәл сондай деңгейде ветеринарлық, санитарлық, фито-санитарлық және тағы да басқа қадағалау жүргізілмейді? Иә, дұрыс азық-түлік тексерілуі керек. Өйткені оның адам денсаулығына тікелей әсері бар. Қазіргі таңда түрлі қоспалар мен дәрілік заттар бар. Сондай зиянды заттарды жосықсыз өндірушілер ауылшаруашылық азық-түліктің өндірісіне пайдаланбасына кім кепіл?! Біз халқымыздың денсаулығын сақтау мақсатында неге дәл сол деңгейде тексеріс жүргізбейміз? Егер біздің әріптестеріміз тексеріп жатса, біз де тексеруіміз керек емес пе? Бұл жерде жалпы паритет мәселесі көтеріліп отыр және ең бастысы – біздің халқымыздың денсаулығына зиян келмеуін қамтамасыз ету керек. Өңірлердегі халық осы мәселені көтеріп жатыр. Бұл нені білдіреді? Демек, мемлекеттік құзыретті органдар тарапынан лайықты деңгейде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ немесе біз кей тұстарда келісімге сәйкес өз міндеттемелерімізді дұрыстап орындап жүрген жоқпыз деген сөз»,– деді Әшімбаев.