«Қазақстан темір жолы» 2023 жылы рекордтық пайда тапқан

Жарияланды
Шығарушы редактор
«Қазақстан темір жолы»
«Қазақстан темір жолы» 154 млрд теңге таза пайда тапты. Фото: ҚТЖ

2023 жылы «Қазақстан теміржолы» компаниясы 154 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл – 2022 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 4 есе көп әрі компанияның өз рекорды. Бұл туралы ҚТЖ басшысы Нұрлан Сауранбаев Президентке ұлттық компания қызметінің 2023 жылғы нәтижесі туралы берген есебінде айтты.

Компанияның кірісі алдыңғы жылмен салыстырғанда 29,3 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгені құраған. ҚТЖ басшысының айтуынша, соңғы үш жылда «Қазақстан темір жолының» негізгі өндірістік көрсеткіштері өскен. 2023 жылы жүк айналымы 7 пайызға артып, 270 миллиард тонна-километрге жеткен. Транзиттік тасымалдау көлемі 18 пайызға ұлғайып, 27 миллион тоннадан асты.

Сонымен қатар Сауранбаев Мемлекет басшысына Сиань қаласындағы құрғақ портта жүк терминалының құрылысы аяқталғаны жөнінде мәлімет берді. Оның құрылысы 2023 жылдың мамыр айында басталған. Сиань құрғақ порты Қазақстаннан баратын жүктің 40 пайызын қабылдайды. Қытай мен ЕО арасында жүретін контейнерлік пойыз контейнерлерінң 30 пайызы осында қалыптасады.

Қытайдың ең ірі логистикалық хабында орналасқан бұл терминал елімізге қарай жүктердің тұрақты тасымалдануын қамтамасыз етеді және отандық экспорттаушылар үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады.

Сондай-ақ «Достық – Мойынты», Алматы станциясын айналып өтетін теміржол желісін салу және де басқа да ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын баяндаған. Қазіргі кезде 350 шақырымнан астам жол төселген. Аталған жобалардың іске қосылуы мемлекетаралық түйісу пунктерінің өткізу қабілетін арттырады.

«Әлемдік Huawei, Wabtec және PSA секілді жетекші компаниялармен бірге «Ақылды теміржол» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа шешімдердің енгізілуі теміржолдың өткізу қабілетін ұлғайтуға, отын шығынын азайтуға және пойыздардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

ҚТЖ 2023 жылдың 9 айында 129,5 млрд теңге пайда тапқаны белгілі. 2023 жылы қараша айындағы Үкімет жиынында Нұрлан Сауранбаев компания кірісінің артуына жүк тасымалының артуы себеп болғанын айтқан.

Алайда қазір компания қарызға батып отыр. ҚТЖ-ның ұзақмерзімді міндеттемелері 2 трлн теңгеден асады.

Қаржы есебінде компанияның міндеттемелері (қарызы) активтерінен 456,388 млн теңгеге артық екені жазылған. Соның 456,135 млн теңгесі есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде төленуге тиіс.

Компанияның «Қазақстан халық банкі» мен Forte bank алдында 2 ірі қарызы бар. Компания басшылары кредиторлармен бұл қарызды есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде емес, кейін төлеу мәселесін келісіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз