Зымыран ұшыру жобаларын іске асыру үшін Қазақстан өз аумағындағы айлақтарды ШЫҰ елдерімен бірлесе пайдалануға дайын – Мусин

Жарияланды (жаңартылды )
Зымыран ұшыру жобаларын іске асыру үшін Қазақстан өз аумағындағы айлақтарды ШЫҰ елдерімен бірлесе пайдалануға дайын – Мусин / shutterstock және Асқар Ахметуллин

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан ШЫҰ елдерімен бірігіп, ел аумағынан зымыран ұшыру жобаларын талқылауға дайын екенін айтты.

Digital Almaty 2024 аясында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының цифрлық форумында Бағдат Мусин Қазақстанның ұйымға мүше елдерге ұсыныстарын таныстырып өтті.

«Қазақстан аумағынан қазірдің өзінде зымырандар ұшырылады. Зымыран ұшыру жобаларын іске асыру үшін Қазақстан өз аумағында айлақтарды өзге елдермен де бірлесе пайдалануға дайын. Осы мәселені талқылай аламыз»,– деді Мусин.

Министр ғарыштық даму секторында да өзара байланыс орнатуға шақырды. Жерді қашықтан бақылау спутниктерін өзара байланыстыруды ұсынды. Оның сөзінше, бұл жоба елдердің ақпарат алу мүмкіндігін жеңілдетеді.

Тағы қандай ұсыныс жасады?

Бұдан бөлек, Мусин аймақтық Дата hub-тарды құруды және Қазақстанның  аймақ аралық Дата hub орталығы, яғни серверлер аңғары бола алатынын атап өтті.

«Осылайша өзара ақпарат алмасу мүмкіндігі ашылады. Осыған дейін Қасым-Жомарт Кемелұлы Ресей Федерациясы мен Иран арасында Қазақстан мен Каспий арқылы оптика жүргізіп,  ақпарат алмасу мүмкіндігін ашуға болатынын айтты. Осы жоба бойынша ресейлік әріптестерімізбен келіссөз жүргізіп үлгердік. Осы форум аясында ирандық әріптестерімізбен келіссөз жүргіземіз»,– деді министр. 

Мусин ұйымға мүше елдердің IT-стартаптарын байланыстыру үшін ортақ IT-hub құруды ұсынды. Оның ойынша, бұл жоба IT-мамандар мен стартаптардың ШЫҰ аймағында коллабарация жасап, еркін дамуына мүмкіндік береді.

Өзге елдердің ұсыныстары

Форумға қатысушылар қатарынан Қырғызстан мен Тәжікстан өкілдері де өз ұсыныстарын айтты. ҚР Цифрлық даму министрі Нурия Кутнаева Цифрлық қолтаңбаларды өзара жүйелеу керек деді. Сондай-ақ оларды ұйымға мүше елдер арасында мойындауды ұсынды. Яғни ұйымға мүше кез келген елдің Цифрлық қолтаңбасы өзге елдердің де аумағында қабылдануы керек. Бұған қоса, трансшекаралық ақпарат алмасу жобасын жасауды ұсынды.

ТР үкіметі жанындағы байланыс қызметі басшысының орынбасары Илхомджон Атоев 2023 жылы Қазақстан Цифрлық даму министрлігі мен Тәжікстан үкіметі арасында өзара келісімге қол қойылғанын еске салды. Қазір елде электронды үкімет жүйесіне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тәжік тарапы осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға мүдделі екенін айтты.

Осыған дейін GPT ботының қазақстандық нұсқасы пайда болатынын жазған едік. Сонымен қатар, жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі. Бұл туралы Digital Almaty форумы барысында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мүдделі министрліктердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналған.

Сондай-ақ оқыңыз