Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жоба аясында сауда айналымы 240 млн долларға жуықтады

Жарияланды
kursiv.media

Алматыда өтіп жатқан Digital Almaty 2024 форумында АХҚО-да тіркелген Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жобаның қорытындылары жарияланды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының лицензиялау және қаржылық технологиялар офисінің Басқарушы директоры Еркеғали Еденбаевтың айтуынша, пилоттық жоба 2022 жылдың маусым айында басталды. 2022 жылдың тамызында алғашқы транзакциялар жүзеге асырылды.

«Бүгінде жоба өз мақсатына жетіп, жақсы аяқталғанын мәлімдейміз», – деп бастады сөзін Еркеғали Еденбаев.

Қазақстан цифрлық индустрияны дамыту

Қазақстан банктері мен криптобиржалардың өзара іс-қимылы жөніндегі пилоттық жоба аясындағы сауда айналымы 239 млн долларға жеткен. Жалпы саны 63 мың транзакция жүргізіліп, Цифрлық активтер биржасында 53 мың клиент шот ашған.

«Оның 50 мыңы бөлшек клиенттер. Пилоттық жоба барысында цифрлық активтермен споттық сауда сынақтан өткізілді. Сонымен қатар екінші деңгейлі банктермен бірлесіп цифрлық активтерді теңге және басқа да шетел валюталарымен транзакциялары сынақтан өткізілді», – деді спикер.

Желтоқсан айында жобаны жүзеге асыруда жиған тәжірибе негізінде ҚНДР, Ұлттық банк және АХҚО комитеті Цифрлық активтер биржасы мен цифрлық активтер қызметі провайдерлері, банктердің жұмыс істеу тәртібін бекітті.

«Ол барлық Цифрлық активтер биржасының жұмысын реттейді», – деді АХҚО-ның халықаралық қаржы орталығының лицензиялау және қаржылық технологиялар офисінің Басқарушы директоры.

Спикердің айтуынша, пилоттық жоба Қазақстан цифрлық индустрияны дамыту үшін дайын екенін көрсетеді.

Криптоэко жүйесі

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Электрондық индустрияны және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры Ғиззат Байтұрсынов пилоттық жоба елімізде бірегей криптожүйе құруға мүмкіндік беретінін айтады.

«Елімізде 2019 жылдан бастап криптоиндустрия белсенді дамуда. Сондықтан бізге криптоэко жүйе құру туралы тапсырма берілді. Криптоэко жүйесі дегеніміз не? Бұл криптоактивтерді өндіру мен оның саудасының Қазақстанда жасалуы. Осы тапсырманы іске асыру үшін 2023 жылы ақпан айында «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданды. Сарапшылардың пікірінше, бұл – бірегей тәжірибе», – деді Электрондық индустрияны және цифрлық активтер индустриясын дамыту департаментінің директоры.

Пилоттық жобаның мақсаты – криптобиржалардың Қазақстан нарығына шығуын қамтамасыз ету. Резиденттер мен криптомайнерлерге АХҚО криптобиржа алаңдарында сауда жасауға мүмкіндік беру. Қазақстанның ЕДБ қамтамасыз ететін фиат арналары арқылы инвестициялар үшін қолайлы жағдайлар жасау. Сондай-ақ жоба қорытындылары бойынша Қазақстанның ұлттық заңнамасына және АХҚО актілеріне өзгерістер енгізу.

Жобаға алты криптобиржа қатысты. Олар: Binance, Ataix, Intebix, Xignal, CaspianEx, Upbit. Сондай-ақ сегіз қазақстандық ЕДБ бар. Олар: Halyk Bank, Altyn Bank, Zaman Bank, Freedom Bank, Eurasian Bank, Bereke Bank, Nurbank, CenterCredit.

Бұған дейін криптобиржаның банк секторымен интеграциясы экономикалық-әлеуметтік дамуға да әсерін тигізетіні айтылған.

2023 жылдың Binance криптовалюта биржасы АХҚО негізінде жергілікті цифрлық активтер платформасын іске қосты.

Осы жерде криптонарықтағы көшбасшы компанияның Қазақстанға келуі қаншалықты тиімді деген сауал кім-кімді де ойландырғаны, рас. Криптобиржаның отандық өкілдерінің бірі, кәсіпкер Анарбай Таскымбаев осыған қатысты пікір блдірді. Binance-нің бұл қадамының еліміз үшін жағымды жақтары бар деген ой айтты.  

«Біріншіден  Binance криптобиржасы Қазақстанда  жергілікті флатформасын іске қосу арқылы бізге шетелдік инвесторлар келе бастайды. Осы жерде бізге ол биржамен жұмыс жасауға  қандайда да бір жеңілдік болады деп ойлаймын. Сонымен қатар осы саладағы біздің нарыққа  деген сенімділік артады.  Binance  секілді беделді криптобиржаның біздің елді таңдауының артында Қазақстанның абыройы тұрғанын да айтуға болады. Бұл жақсы жағы»,-дейді сарапшы А.Тасқымбаев.

Сондай-ақ оқыңыз