Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі мемлекеттік деңгейде жер сілкінісі қаупінен сақтандыру моделін әзірлеуде

Жарияланды
Жер сілкінісі қаупінен сақтандыру моделі әзірленеді / Shutterstock

Қазақстанда мемлекеттік деңгейде жер сілкінісі қаупінен сақтандыру моделі әзірленеді. Бұл туралы Digital Almaty 2024 форумында Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаева мәлім етті.

«Біз қанша капитал салсақ та, орын алуы мүмкін апат кез келген сақтандыру ұйымының мүмкіндігінен асып түседі. Ешкім сақтандырғысы келмейтін өте ерекше тәуекелдерді немесе осы тәуекелдер бойынша статистиканы білмейтін немесе өте үлкен тәуекелдерді жабуға көмектесетін пул жүйесі бар. Қазір реттеуші мемлекеттік деңгейде жер сілкінісі қаупінен сақтандыру моделін құру механизмін әзірлеуде. Ешбір жеке сектор апат салдарынан келуі мүмкін шығынды өтей алмайды», – деді ҚНДРА Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры.

Қазірдің өзінде Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі тарапынан тегін техникалық көмек көрсету бойынша қолдау бар. Алдағы уақытта ведомствоаралық жұмыс тобы құрылмақ.  

«Осы жұмыс тобының аясында сол үлгіні таңдаймыз. Сақтандыру ұйымдары қайта сақтандыруды жеке жасаса, бұл өте қымбатқа түсетінін атап өткім келеді. Ірі, рейтингі жоғары қайта сақтандырушыдан жақсы бұл қызметті жеке алу өте қымбатқа түседі. Ал сіз пулға кіріп, кәсіби басқарушы брокерді тауып, осы пулды арқылы шетелдік қайта сақтандырушыға жүгіну тиімдірек болады. Яғни аталған қызметпен қамту бағасы арзандайды және тиісінше азаматтар үшін де арзанырақ түседі. Бұл сақтандырудың бір элементі», – деді Әсел Әмірбаева.

Сондай-ақ осы бағытта реттеуші Дүниежүзілік банк пен Азия банкімен жұмыс істеуге ниетті. Себебі аталған ұйымдардың апаттан сақтандыру бойынша базасы бар.

Еске сала кетсек, 23 қаңтар сағат 00.09-да Алматыда 5 балл зілзала болды. Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысынан 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болған. Жер дүмпуінің магнитудасы 6,7.

МSК-64 шкаласы бойынша Алматыда жер дүмпуі – 5 балл, Шымкентте 2 балл болған.

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1. MPV магнитудасы 6.7. Эпицентрдің координаттары 41.32° с. е. 78.61° с.б. Тереңдігі 65 км. Сезгіштігі туралы мәліметтер (MSK -64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев адам шығыны мен қираған ғимараттар жайлы ақпарат түспегенін мәлімдеді.

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл да қағылмаған.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев

Сондай-ақ оқыңыз