IPO: Қазақстандық компаниялар инвесторларға қандай кіріс әкелді?

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстандық компаниялар инвесторларға қандай кіріс әкелді/Фото:shutterstocks

Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы соңғы онжылдағы көпшілікке арналған бастапқы орналастыруларға шолуын жариялады.

Құжатта IPO өткізу кезіндегі баға мен қазіргі нарықтық бағаны оның өзгеруін, сондай-ақ айлық және жылдық кірісті байқауға болады.

«Акцияға инвестиция салудың тәуекелі жоғары екенін ұмытпаңыз. Нарық қалағандай құбылмауы мүмкін», – деп ескертті қауымдастық.

Табыс көлемі компаниялардың IPO-сы басталған тұстан бастап, қазіргі уақытқа дейін есептелген.

Тізімді көшбасшы Kaspi бастайды: IPO басталғалы бері 39 ай ішінде +169%, жылдық кірісі +51,6%.

Екінші орында «Қазатомөнеркәсіп»: 63 айда +238%, жылдық кірісі +50,4%.

Үздік үштікке «ҚазМұнайГаз» компаниясы кірді: 14 айда +40%, жылдық кірісі +33,6%.

Ал «KEGOC» АҚ-ның IPO-дан бері жылдық кірісі +19,2% болды. (2014 жылдан бастап, соңғы SPO-мен шатастырмау керек).

«ҚазТрансОйл» (ҚТО) аутсайдер болды: 134 айда +14,5%, жылдық кірісі +1,2%.

Бұл эмитенттердің барлығында IPO-дан кейін баға ауытқулары тіркелді. Мәселен, 2018 жылдың мамырында ҚТО-да ең жоғары баға – бір бағалы қағаз үшін 1600-ден асты. Компания акцияларын шарықтау шегінде сату арқылы 77 айда IPO бағасының +121%-ы шамасында кірістілік алуға болады.

«Уақытында әрекет еткендер жақсы табыс таба алатынын білдіреді. Капиталдандырудың өсуінен басқа, осы компаниялардың барлығы жыл сайын өз акционерлеріне дивидендтер төлейтінін ескерген жөн», – деп жазды Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы.

Еске сала кетсек, 2012 жылы жария орналастыруға бірінші болып «ҚазТрансОйл» АҚ шықты. Қазақстандық жинақтаушы зейнетақы қорларына жазылым жүргізу арқылы бір акция үшін 725 теңге бағамен компанияның 38 463 559 қарапайым акциясын сатып алу ұсынылды. Бұл «ҚазТрансОйл» АҚ-ның «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысуы шеңберінде болды.

2014 жылдың 18 желтоқсанында «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында қазақстандық қор нарығында «KEGOC» АҚ-ның қарапайым акцияларын бастапқы орналастыру жүргізілді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның акциялар пакетінің бір бөлігін IPO өткізу арқылы бәсекелес ортаға беру туралы шешім қабылданды.

AIX биржасында қосарланған листингі бар жаһандық депозитарлық қолхаттардың және акциялардың 14,92%-ы мөлшерінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның IPO-сын табысты жүзеге асырды.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ұсынылған акциялар пакетінің шамамен 86%-ы LSE-ге және 14%-ға жуығы AIX-ке орналастырылды. Ұсыныс бағасы жаһандық депозитарлық қолхат үшін $11,6 және бір акция үшін 4 322,74 теңгені құрады.

Сондай-ақ оқыңыз