2023 жылы Қашаған кен орнында 18,8 миллион тонна мұнай өндірілді, деп «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі хабарлады.
Былтыр аталған көрсеткіш 12,7 миллион тоннаны құрады. 2023 жылы өндіріс көлемі 48% артты.
Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің «Шелл» концернінің «Мұнай мен газды барлау және өндіру» бөлімшесінің атқарушы вице-президенті Питер Костелломен кездесуі барысында белгілі болды.
Кездесуде талқыланған мәселелер
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. 2023 жылы Қашаған кен орнында мұнай өндірісі 18,8 млн тоннаға жуық рекордтық көрсеткішке жетті. Қазақстанда өсіп келе жатқан ішкі сұранысты өтеу үшін тауарлық газ өндірісін арттыруды назарға ала отырып, кен орнын одан әрі игерудің стратегиялық қажеттілігі айтылды.
Осыған орай кен орнында жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдеу зауытын салу жобасына басымдық беріліп отыр.
Сонымен қатар кездесуде геологиялық барлаудағы өзара іс-қимылдың аспектілері сөз болды. Соның ішінде еліміздің аумағында болашағы бар учаскелерді зерттеу мәселесі қаралды. Бұл былтыр ҚМГ мен «Шелл» арасында қабылданған меморандумға сай іске асады.
Бұдан бөлек, концерннің қазақстандық көмірсутектерді тасымалдау үшін экспорттық маршруттарды дамытуға қатысу мәселесі де талқыланды. 2024 жылдың 1 жартыжылдығында Қашаған және Қарашығанақ мұнайын Транскаспий бағытымен тасымалдау талқыланды.
Қашаған кен орны соңғы онжылдықтарда ашылған әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі. Нысандағы коммерциялық өндіріс 2016 жылдың күзінде басталды.
NCOC консорциумының акционерлері KMG Kashagan B.V. (16,877%), Shell Kazakhstan Development B.V. , Total EP Kazakhstan, AgipCaspian Sea B.V., ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,807%), CNPC Kazakhstan B.V. (8,333%) және Inpex NorthCaspian Sea Ltd. (7,563%).
Қашағанға қатысты дау
Бұған дейін ірі мұнай компаниялары Қашаған кен орнына қатысты құны 5 млрд доллар болатын дауды реттеуге жақын екенін жазғанбыз.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, Қашаған алып кен орнына иелік ететін ірі мұнай компаниялары мен Қазақстан билігі өзара мәміле жасауға жақын. Басылым компаниялар 5 млрд доллар көлеміндегі экологиялық айыппұлға қатысты мәселені шешуге ниетті.
«Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp және TotalEnergies SE сынды халықаралық серіктестер Қазақстан Үкіметі экологиялық санкцияларды қолдануды тоқтататып, компаниялардың әлеуметтік жобаларға қосымша инвестиция салуына келісіп, бітімгершілік мәмілеге келеді деген үмітте. Келісімге нақты келмейінше, Bloomberg дереккөзі өзі туралы ақпаратты таратпауды сұраған. Ол бітімгершілік мәмілеге қол қойылған жағдайда компаниялардың екі жылдағы шығыны 110 млн долларды құрайтынын айтты», – деп жазады басылым.
Айта кетейік, 2023 жылы 29 наурызда Қазақстан Қашаған операторы – North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумына қоршаған ортаны қорғау мақсатында шамамен 2,3 трлн теңге (5,1 млрд доллар) айыппұл салу туралы сот арқылы даулаған.
14 маусымда Астана қаласының Әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты NCOC консорциумының шағымын ішінара қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Сот шешімімен талап арыздың үш тармағы қанағаттандырылған. Қалған шағымдарын сот қанағаттандырудан бас тартты.
Бірақ ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі сот шешімімен келіспеді. Министрлік ертесі Астана қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шағым түсіретінін хабарлады. Осыған дейін Қашаған мұнай-газ кен орнының операторы –NCOC консорциумы Қазақстанмен арада халықаралық арбитраж арқылы шешілуі мүмкін дау бар екенін растаған.