Ұлттық музейдің өкілдері Назарбаевтың ескерткішінің алынып тастауына қатысты жауап берді

Жарияланды
Ұлттық музейдің артриум залына реэкспозиция жүргізілді /Коллаж: kursiv.media

Астанада орналасқан Ұлттық музейдің атриум залынан экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталған. Мекеме өкілдері осыған байланысты түсініктеме берді.

Ақпаратқа сәйкес, Ұлттық музей атриум залында реэкспозиция жүргізіліп жатыр

«Ұлттық музейдің 10 жылдығы аясында ҚР мәдениет және ақпарат министрінің тапсырмасы бойынша 2024 жылы отандық және шетелдік сарапшыларды тарта отырып, музей кеңістігін жетілдіру процесі басталды. Әлемдік музей тәжірибесіне сәйкес әр музей экспозициялық залдарының тұжырымдамалық мазмұны мен көркемдік-стилистикалық шешімін жаңартып отыруға міндетті. Ұлттық музей осы тәжірибені қолдана отырып, артриум залының реэкспозициясын қолға алды», делінген ақпаратта.

Назарбаев ескерткіші Ұлттық музейдің меншігінде ме?

Осылайша, музей Атриумының концепциясы өзгерген. Онда ендігі жерде экскурсия басталып, музей қорларындағы коллекциялар, экспозициялық залдар туралы ақпарат беріледі. Өйткені «Атриум музей экспозициясының сценографиясы тұрғысынан маңызды» екені атап көрсетілген.

«Ескерткішке келетін болсақ, бұл экспонат музей мүлкі болып табылады және Атриум тұжырымдамасының өзгеруіне байланысты музей қорында тұрақты сақтауда болады»,  – деп хабарлады Ұлттық музей өкілдері.

Сондай-ақ бейсенбі күні Сенат отырысынан кейін журналистер Мәулен Әшімбаевқа да осы мәселе турасында сауал қойды. Сенат спикері Ұлттық музейден (Нұрсұлтан Назарбаевтың) ескерткіші алынғанын естімеген екен.

«Біз пленарлық отырыста болдық. Жаңалықтарды әлі көрмедік. Енді ондай шешім қабылданса, Ұлттық музей басшылығының шешімі шығар деп ойлаймын. Сондықтан мұнда Ұлттық музейдің басшылығының бір ұстанымдарына сәйкес, ондағы экспозицияларды жаңартуға байланысты осындай шешім қабылданған шығар. Сондықтан бұл мәселеге байланысты сұрағыңызды Ұлттық музейге жолдасаңыз дұрыс болады»,– деп жауап берді ол кулуарда журналистерге.

2023 жылы ақпан айында Елбасы туралы заң ресми түрде күшін жойды. Сонымен қатар  Ұлттық қорғаныс университетінің алаңындағы экс-президентінің ескерткіші алынған болатын. Бұл ескерткіш 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына арнап қойылған еді.

«ҚР Тұңғыш Президентінің ескерткішін ҚР Қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының ғимаратына көшіру және орнату туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ескерткіш қорғаныс ведомствосы ғимараттарының бірінде уақытша сақталып тұр. Тиісті дайындық шараларын өткізгеннен кейін, ескерткіш мұражай ғимаратына көшіріледі», – делінген Қорғаныс министрлігінің жауабында.

Алынып тасталған ескерткіште Нұрсұлтан Назарбаев әскери форма мен қалпақ киіп тұрған кейіпте бейнеленген. Жалпы Назарбаевқа тірі кезінде қойылған ескерткіштер өте көп. Оның есімі әуежай, оқу орындары, музей, кітапхана, көше, саябақтарға берілген болатын. Бірақ соңғы кезде барлық жерден тұңғыш президенттің атын «сызып тастау» науқаны жүре бастады.

Еске саламыз, 2022 жылы 2 қыркүйекте Парламент Мәжілісі жанындағы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы  елордаға Астананың атауын қайтару керек деген бастама көтерді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың ұсынысын қолдады. 

Сондай-ақ оқыңыз