Скляр БЖЗҚ қаржысын «Бәйтеректің» облигацияларына салуға қатысты пікір білдірді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Скляр БЖЗҚ
Скляр БЖЗҚ қаржысын инвестициялауға қатысты пікір білдірді. Фото: kursiv.media

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр 173 млрд теңге зейнетақы қаржысына Ұлттын банк «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алуына қатысты пікір білдірді. Бұл қаражатты холдинг жолаушылар және жүк вагондарын сатып алуға жұмсайды.

Оның айтуынша, қаржы институттарының нарықтан қаражат тартуы – әлемдік тәжірибе. Бұл ретте ең маңыздысы – зейнетақы қаржысының табыс әкеле отырып, қайтатынына кепілдік берілуі.

«Қаржының дәл қандай жобаларға салынып жатқанына назар аудармас едім. Бұл жерде ақшаның қайтатынына кепіл беру маңызды. БЖЗҚ зейнетақы жинақтарына инвестициялық кіріс қамтамасыз ету үшін жарна салымшыларына пайда әкелуге тиіс. Сонымен қатар тәуекелі жоғары болмағаны жөн. Қаржы институтының, атап айтқанда, «Бәйтеректің» міндеті – осы мәселелерді толық шешу», – деді Скляр.

Ол «Бәйтерек» мемлекеттік холдинг екенін және ақшаны 100% қайтаруға кепілдік беретінін атап өтті. Ал БЖЗҚ қаражаты есебінен қандай жобалар қаржыландыратыны – екінші мәселе. Оны холдинг басшылары жан-жақты саралап, анықтауға тиіс.

Жақында Ұлттық банк 173 млрд теңге БЖЗҚ қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алды. Холдинг облигацияларын ҰБ жылдық 13% кірістілік және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен алды.

Жоғарыда аталған облигациялар эмиссиясының проспектісінде борыштың негізгі сомасын мерзімінен бұрын қайтару көзделген. Мәселен, эмитент 5 жылдан соң жыл сайын облигация ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10%-на дейін номиналды құнына сай сатып алуға міндетті.

Ұлттық банк холдинг облигацияларын сатып алу – нақты кірістілік алудағы ұзақмерзімді мақсаттарға сәйкес келеді және зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етеді деп сендіреді.

«Бәйтерек» холдингі 15 жылдық облгацияларын KASE алаңында 26 қаңтарда  орналастырған. Холдингтің облигациялары нарықтағы бар инвесторларға ұсынылып, сауда-саттыққа 10 инвестор қатысқан.

Холдинг тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк вагондарының ескірген паркі жаңартылмақ.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров БЖЗҚ-дан бөлінген қаржыны «инвестициялық салым» деп атады. Министр бұл қаржы инфрастуктуралық жобаларды дамытуға жұмсалатынып айтып өтті. Өйткені жолаушылар және жүк тасымалы вагондарының 50-80 пайызы ескірген.

Сондай-ақ оқыңыз