Инвестклиматқа кері әсер етеді: Астана соттарында қаралған 10 істің сегізі инвестор пайдасына шешілген

Жарияланды
Шығарушы редактор
Астана соттарында
Астана соттарында қаралған істерде Қазақстан жеңіліп жатыр / Фото: shutterstock

2023 жылы Астана соттарында қаралған істердің 78 пайызы инвестор пайдасына шешілген. Яғни Қазақстан мемлекетімен арадағы 10 даудың 7-8-де инвестордікі дұрыс болған. Жоғарғы Соттың Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Түкиев бұл жағдай Қазақстанның инвестициялық климатына кері әсер етеді деп тұжырымдайды.

Астанада «Инвесторлардың құқықтарын қорғау» инвестициялық форумы өтіп жатыр. Сол форумда Аслан Түкиев Астана соттары бір жылда қараған істердің басым бөлігі инвесторлардың пайдасына шешілгенін айтады.

«Өздеріңіз білетіндей, бүкіл инвестициялық Елордада қаралады. Бұл бірыңғай сот тәжірибесіне жақын болуы үшін жасалған. Қазіргі көрсеткіш өте нашар. Өйткені қаралған 10 істе инвестордың ұстанымы дұрыс болып тұр. Яғни мемлекет тарапынан инвесторға қойылған талаптардың басым бөлігі негізсіз. Бұл енді еліміздің инвестициялық тартымдылығына, экономикаға инвестиция тарту ісіне кері әсер етеді «,  – деді ол.

Форум барысында осы мәселе жан-жақты талқыланып, инвесторлармен жұмысты мемлекеттік басқаруды жақсарту ісі қаралмақ.

Жақында қазақстандық QazaqGaz компаниясы Париждегі халықаралық арбитражда Қырғызстаннан жеңіліп қалды.

Қырғызстандық Vesti.kg басылымының ақпаратына сүйенсек, «Қырғызгаз» (қазіргі «Газпром Қырғызстан») және «ҚазТрансГаз» (қазіргі QazaqGaz) бірлескен кәсіпорнына (БК) салынған инвестицияларға қатысты талапкердің құқықтарын бұзу туралы арызға қатысты іс қаралған.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін елімізде шетелдіктерге түрлі жеңілдік беру шаралары қарастырылып жатыр. Айталық, А-6 деп аталатын ұзақ мерзімді жаңа инвесторлық виза түрі енгізіледі. Мұндай виза иелеріне еліміздің аумағында тұрақты тұру үшін (10 жылға) ықтиярхат алу құқығы беріледі.

Алайда мемлекеттік мекемелердің инвестор жұмысына кедергі келтіргені жайлы хабар аз емес. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі инвестор жобасына келісім беруді әдейі кешіктірген.

Прокуратура бұл заң бұзушылықтарға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық және инвестициялар тарту департаментінің директорын тәртіптік жауапкершілікке тартқан.

Одан бөлек, Бас прокуратур француз инвесторының құқығын қорғағанын хабарлады. Павлодар облысының салық органдары француз компаниясына ҚҚС және кедендік баж төлеу туралы заңсыз хабарлама жіберген.

Сондай-ақ оқыңыз