Смайылов ЕАЭО елдеріне ортақ цифрлық платформа құруды ұсынды

Жарияланды
Смайылов ЕАЭО елдеріне ортақ цифрлық платформа құруды ұсынды / shutterstock

Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов ЕАЭО елдеріне ортақ цифрлық платформа құруды ұсынды. Ұсынысты премьер Digital Almaty 2024 форумы аясында өтіп жатқан ЕАЭО үкімет басшыларының отырысы барысында айтты.

«Технологиялық шешімдермен, патенттермен және инновациялық идеялармен алмасу үшін цифрлық платформа құруды ұсынамыз. Бұл біздің өзара іс-қимылымызды жақсартып, өңіріміздегі кәсіпкерлер мен зерттеушілердің жаңа технологияларға қол жеткізуіне мүмкіндік береді»,– деді Смайылов.

Ол жоба ұйым елдерінің технологиялық дамуына тиімді әсер етіп, елдер арасындағы байланысты жақсарта түсетініне сенімді екенін айтты.

Бұдан бөлек, премьер байланыстың сапасын жақсарту үшін ЕАЭО елдері арасындағы радиожиілікті синхрондауды ұсынды.

«Байланыстың қолжетімділігі мен сапасын арттыру ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда 250-ден астам тұрғыны бар елді мекендер кең жолақты интернет желісімен қамтылған. Байланыс қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін аумақтағы радиожиілік спектрін синхрондау қажет деп санаймын», – деді премьер.

Смайылов Қазақстан ЕАЭО елдерімен бірігіп, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар тартуға дайын екенін айтты.

«Бұл өңірдің барлық еліне жаңа мүмкіндіктер ашады. Нәтижесінде біздің елдеріміз халықаралық дәліздер мен трансшекаралық ағындармен жоғары жылдамдықты деректер беру арналарын құра алар еді»,– деп толықтырды премьер-министр.

Алматыда Digital Almaty форумы аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтуде. ЕАЭО құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Беларусь және Ресей кіреді.

Айта кетейік, Цифрлық даму, аэроғарыш және инновация министрі Бағдат Мусин Қазақстан ШЫҰ елдерімен бірігіп, ел аумағынан зымыран ұшыру жобаларын талқылауға дайын екенін айтқан.

Digital Almaty 2024 аясында өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымының цифрлық форумында Бағдат Мусин Қазақстанның ұйымға мүше елдерге ұсыныстарын таныстырып өтті.

Осыған дейін GPT ботының қазақстандық нұсқасы пайда болатынын жазған едік. Сонымен қатар, жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі. Бұл туралы Digital Almaty форумы барысында цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мүдделі министрліктердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналған. 

Сондай-ақ оқыңыз