Қарлы боран: Жамбыл облысындағы автожолдарда 900 көлік жолда қалған

Жарияланды (жаңартылды )
қарлы боран
Қарлы боранға байланысты Жуалы ауданында жылыту орталығы ашылған / Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Тараз қаласынан Түркістан облысының шекарасына дейінгі аумақта қарлы боранға байланысты жол жүру мүмкін емес. Ауа райының қолайсыздығына байланысты 900-ге жуық жеңіл және жүк көліктері жолда қалған. Бұл жайлы Жамбыл облысының әкімдігі хабарлады.

Тараз қаласы маңында 350 жүк көлігі мен 50 жеңіл автокөлік тұр. Байзақ ауданындағы Ақшолақ станциясында 100 жүк көлігі тоқтап тұр. Т.Рысқұлов ауданы Ақыртөбе ауылының маңында 200 көлік және Қордай ауданы Қайнар ауылында 200 автокөлік тоқтатылған.

«Жүргізушілер мен жолаушылар тиісті қажеттіліктермен қамтамасыз етілуде. Жергілікті атқарушы органдардың, полицейлер, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері тұрғындарға тиісті көмек көрсетіп, көліктерді қар құрсауынан шығару үшін нақты шаралар қабылдауда», – делінген баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге қарлы боранға байланысты «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолында 161-273 шақырым аралығында барлық автокөлік құралы үшін қозғалыс тоқтатылған.

Жолда қалған азаматтарды эвакуациялау мақсатында автожолдардың жабық учаскелерінде уақытша жылыту пунктері құрылды. Сондай-ақ эвакуациялауға арналған техникалар дайындалған.

Қазіргі таңда Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы орта мектеп базасында орналастырылған жылыту пунктіне бұған дейін жеткізілген 25 адамның 12-сі орналасқан. 13-і адам пойызға отырып кеткен. Жылыту орталықтары ыстық тамақ, төсек орын және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етілген.

Әкімдік хабарлауынша, өңірдегі барлық ауданда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген. Ал жолдарда арнайы техника тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бейсенбі күн «ҚазАвтоЖол» ауа райының нашарлауына байланысты бес облыстағы республикалық маңызы бар тас жолдардың кейбір учаскесінде қозғалыс шектелетінін хабарлады.

Компания мәліметінше, 1 ақпанда сағат 18: 00-де Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Түркістан және Ұлытау облыстарында жолдар жабылған.

  • Жетісу облысында 1 жол учаскесі. «Ұшарал – Достық» 84-184 км, Көктұма станциясынан Достық станциясына дейін – 100 км.
  • Қостанай облысында 1 жол учаскесі. «Жезқазған-Петропавл» 252-335 км, Ұлытау облысынын шекарасынан Арқалыққа дейін – 83 км.
  • Түркістан облысында 1 жол учаскесі. «Алматы-Ташкент-Термез» 593-652 км, Түркістан облысынын шекарасынан – Машатқа дейін– 59 км.
  • Ұлытау облысында 1 жол учаскесі. «Жезқазған-Петропавл» 137-252 км, Ұлытау к.-Қостанайская облысынын шекарасына дейін – 115 км. 
Сондай-ақ оқыңыз