Жаңалықтар

Тауарлық газ бағасы бір жыл ішінде 20%-ға қымбаттайды

тауарлық газ бағасын
Энергетикалық кеңес тауарлық газ бағасын 15%-дан жоғары көтеру туралы шешім қабылдаған / Фото: kursiv.media

Үкімет тауарлық газ бағасын бір жыл ішінде 20%-ға қымбаттату туралы шешім қабылдады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің тиісті бұйрығы «Ашық НҚА» порталына орналастырылды.

Құжатқа сәйкес ҚР Президенті жанындағы Энергетикалық кеңестің шешімімен жекелеген ірі коммерциялық тұтынушыларға өткізуге арналған тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітудің ерекше шарттары енгізіледі.

Құжат түсіндірмесінде алдағы жылдары ішкі нарықта газ тұтынудың болжамды күрт өсуі ескерілгені айтылған. Ресурстық базаның жаңа көздерінің елеулі көлемінің болмауы салдарынан 2026 жылға қарай экспорттық кірістер есебінен ішкі нарық шығындарын өтеу мүмкін болмайды. Осыған байланысты, ҚР Президенті жанындағы Энергетикалық кеңес отырысының 2024 жылғы 16 қаңтардағы хаттамасына сәйкес елдің ішкі нарығын тауарлық газбен тұрақты қамтамасыз етуді қолдау мақсатында Қағидалардың 9-тармағына өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданған.

Ал 9- тармақта:

«Осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің жобасы тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда бір күнтізбелік жыл ішінде республика бойынша орташа арифметикалық мәнде жиырма пайыздан астам ұлғайтуды көздей алмайды»,– делінген.

Газдың көтерме бағасы не себепті көтеріледі?

Негізінен Энергетика министрлігінің 2023 жылғы 6 маусымдағы №210 бұйрығымен Қазақстан ішкі нарығындағы тауарлық газдың 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 2028 жылғы 30 маусымға дейінгі кезеңге шекті көтерме бағалары: 2023 жылы – 12,2% , 2024 жылы – 9,1%, 2025 жылы-10,8%, 2026 жылы-11%, 2027 жылы-8,6% болып бекітілген.

Сондай-ақ тауарлық газдың көтерме бағасын жыл сайын 15%-дан астам көтеру қажеттілігі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Р.Склярдың төрағалығымен өткен 2023 жылғы 28 тамыздағы №11-04 Кеңес хаттамасымен де келісілген. Бұдан басқа, Үкіметтің 2022 жылғы 18 шілдедегі № 488 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2022 – 2026 жылдарға арналған Кешенді жоспарында, сондай-ақ ҚР Энергетика министрінің 2023 жылғы 11 қазандағы хаттамасында бір жыл ішінде тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын арттыруды 15% шектеуді қайта қарау көзделген.

Бірақ көрсетілген мөлшерде тауарлық газдың көтерме бағасын көтеру «QazaqGaz» ҰК» АҚ-ның ішкі нарықтағы шығынды қызметі мәселесін шешуге мүмкіндік бермейтіні белгілі болған.

«Ресурстық базаның шектелуіне, тұтынушылардан тауарлық газға сұраныстың артуына, сондай-ақ елді белсенді газдандыруға байланысты және жаңа ірі тұтынушылардың енгізілуін ескере отырып, 2026 жылға қарай ішкі нарықта газды сатудың залалсыздығына қол жеткізу қажет»,–делінген түсіндірме құжатта.