Жаңалықтар

«Парасат» кәсіпкерлер альянсы АЭС салу жөніндегі референдумды тезірек өткізуді ұсынды

референдум
«Парасат» кәсіпкерлер альянсы АЭС салу жөніндегі референдум өткізу мерзімін барынша тезірек белгілеу қажет деп санайды / shutterstock

«Парасат» кәсіпкерлер альянсы АЭС салу жөніндегі референдум өткізу мерзімін тез белгілеуді және дайындық жұмыстарын бастауды ұсынып, президентке үндеу жолдады. Бұл жайлы кәсіпкерлер жұма күні, 2 ақпанда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

«Парасат» альянсының кәсіпкерлері Үйлестіру кеңесі өкілдері өнеркәсіптік және әлеуметтік даму мәселелерін шешу үшін электр энергиясы нарығын түбегейлі қайта форматтау қажеттілігін айтқан.

«Цифрландыру, роботтандыру, жасанды интеллект және электр көлігіне көшу сынды заманауи үрдістер электр энергиясын тұтыну көлемін арттырады. Тиісінше, энергетикалық ресурстар үшін қазірдің өзінде жалғасып келе жатқан жаһандық бәсекелестік шиеленісе түседі. Көмір, уран, өзен, күн және жел ресурстарының бірегей қорларына ие Қазақстанның барлық көздерін кешенді игеру негізінде отандық және экспортқа бағытталған энергетиканы дамытудың бірегей мүмкіндігі бар»,– дейді альянс мүшелері.

Кәсіпкерлер АЭС-ке қарсылық білдіріп отырғандарды ескі Қазақстан өкілдеріне балады. Айтуларынша, олар жаңартылатын энергия көздерін өз мүдделері үшін қолданып, пайда табуды көздейді. Сондықтан да АЭС салу мәселесі орнынан жылжымай қалған.

Осы орайда кәсіпкерлер елде референдум өткізуге дайындықты бастау керек деп санайды. Олар АЭС салуға тек шетелдік компаниялар емес, Қазақстан компаниялары да қатысуға тиіс деген ұсыныс тастады.

«Біз мемлекет басшысына Қазақстан тарапының атом электр стансасын салуға міндетті қатысу шарттары туралы бастамасымен жүгінеміз. Яғни тендерден жеңген компания Қазақстанда атом электр стансасын салып қана қоймай, сонымен қатар ғылыми-техникалық, жобалау, құрылыс-монтаждау және химиялық-техникалық өндірістік процестеріне қатыса алуы керек»,– дейді.

Бұл орайда кәсіпкерлер Ядролық физика институты қазақстандық Ұлттық ядролық орталық ғылыми-білім беру кешенінің бір бөлігіне айналуы керектігін айтады. Яғни ұсынысқа сәйкес, институт Балқаш АЭС-ін салу мен пайдалануға қатысты құқықтарымен қатар басқа да шетелдегі нысандардан тапсырыс алуға құқылы болуға тиіс.

«Парасат» альянсы АЭС-ке кететін қаражатты БЖЗҚ-ның «ұзақ мерзімді» үнемдеу есебінен қамтамасыз етуді ұсынды. Олар Энергия көздерінің жетіспеушілігін Қазақстан келесі жылдан бастап сезе бастауы мүмкін екенін тілге тиек етті.

«Электр энергетикасы өзі үшін де, бүкіл ел үшін де, экономика тежеуші факторға айналып барады. Бұл керісінше болуы керек: электр энергетикасы Қазақстанның индустриялық және әлеуметтік дамуын тегін және қолжетімді тарифтер бойынша электр қуатын ұсыну арқылы ынталандыруға міндетті»,– дейді кәсіпкерлер.

Еске сала кетсек, «Парасат» кәсіпкерлер альянсы тамызда құрылды. Бұл альянс «Атамекен» ҰКП баламасына айналуы тиіс. Кәсіпкерлер альянсын құруға қатысты бастамашылық жасаған «Атамекен» ҚР ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің бұрынғы төрағасы, «Қазақстан химия өнеркәсібі одағы» АҚ басқарма төрағасы Олег Пак.