Жаңалықтар

Бішкек ЖЭО-сындағы жарылыс: Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Қазақстандағы ресми сапарын үзіп, шұғыл еліне қайтты

Ақылбек Жапаров
Ақылбек Жапаров Бішкекке қайтпай тұрып ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловпен кездесті / Фото: Үкімет

Бішкектегі ЖЭО-да болған жарылысқа байланысты Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров Қазақстандағы ресми сапарын аяқасты үзіп, шұғыл түрде Қырғызстанға қайту туралы шешім қабылдаған.

Қырғызстан басылымдарының хабарлауынша, Бішкекке келген бойда президент әкімшілігінде жиын өткізеді.

Бүгін түнде Бішкек қаласын жылумен қамтамасыз ететін ЖЭО-ның бірінде қазандық жарылды. Жарылысқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Жарылыс салдарынан ЖЭО-ның бес қызметшісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Екеуінің денесін қатты күйік шалып жансақтау бөлімінде жатқаны хабарланған.

Қаланың кей тұстарында жылу беру тоқтағанына байланысты қаладағы мектептер мен балабақшалар онлайн оқытуға көшірілген. Ал Садыр Жапаровтың баспасөз хатшысы бұл жағдайды Қырғызстан Президенті өз бақылауында ұстап отырғанын хабарлаған.

Еске сала кетсек, Қырғызстан Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров күні кеше Қазақстанға іссапармен келген болатын. Сапар барысында ол ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездесіп, екі ел арасында сауда саласы бойынша ынтымақтастық мәселесін талқылады. Нәтижесінде екі тарап қысқа мерзімде қазақ-қырғыз шекарасында жүк көлігі үшін қосымша өткізу бекетін ашу мәселесін пысықтауға, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.

Ақылбек Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Ол Digital Almaty 2024: Industry X форумына қатысты. Сонымен қатар, Еуразия үкіметаралық кеңесінің отырысына қатысуы керек еді.

Ал, бейсенбі кешке ол Ресей премьер-министрі Михаил Мишустимен кездесті. Тараптар білім беру, транспорта, туризм және тау-кен өндірі салаларындағы ынтымақтастықты талқылаған.