Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Байқоңыр ғарыш айлағының бір бөлігі Қазақстанға тиесілі болғандықтан, елімізде Ресей бақылауынан тыс жобалар жасау мүмкіндігі бар екенін айтты.
Осыған дейін Digital Almaty 2024 форумында Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің министрлерімен отырыс кезінде Мусин өзге елдерді Қазақстанда ғарыш жобаларын жасауға және зымыран ұшыруға шақырған. Осыған байланысты форум аясында өткен баспасөз мәслихатында Kursiv тілшісі министрден «Байқоңыр ғарыш айлағын Ресейдің жалға алғаны ескере отырып, дәл қазір Қазақстанның Ресей бақылауынан тыс ғарыштық жобалар жасап, зымыран ұшыру мүмкіндігі» туралы сұрады.
«Байқоңырдың бір бөлігі қазір Қазақстанға тиесілі. Оның жұмысына Ресей Федерациясы араласпайды. Бұрын «Зенит» зымыраны ұшқан комплекс, қазір Қазақстанға тиесілі және біздің бақылауымызда. Ол жерден қандай зымыран ұшырамыз. Қасында жаңа айлақ құрамыз ба? Оның барлығы толыққанды біздің құқығымыз. Біздің жерімізде, қазақ жерінде не жасайтынымызды Қазақстан өзі шешеді»,– деп жауап берді министр.
Бұдан бөлек, министр Астанадағы ғарыш зауытында қазақстандық 3 спутник құрастырылып жатқанын атап өтті. Алдағы уақытта олар орбитаға жіберіледі. Тестілеуден өткізгеннен кейін Қазақстан өзге елдерге де спутник жасауды қол алатынын айтты.
ЦДИАӨ Бағдат Мусин Қазақстан ШЫҰ елдерімен бірігіп, ел аумағынан зымыран ұшыру жобаларын талқылауға дайын екенін айтты.
Digital Almaty 2024 аясында өткен ШЫҰ-ның цифрлық форумында Мусин Қазақстанның ұйымға мүше елдерге ұсыныстарын таныстырып өтті.
«Қазақстан аумағынан қазірдің өзінде зымырандар ұшырылады. Зымыран ұшыру жобаларын іске асыру үшін Қазақстан өз аумағында айлақтарды өзге елдермен де бірлесе пайдалануға дайын. Осы мәселені талқылай аламыз», – деді Мусин.
Министр ғарыштық даму секторында да өзара байланыс орнатуға шақырды. Жерді қашықтан бақылау спутниктерін өзара байланыстыруды ұсынды. Оның сөзінше, бұл жоба елдердің ақпарат алу мүмкіндігін жеңілдетеді.
Еске салар болсақ, 1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» дәстүрлі форумы өтіп жатыр. Оған еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылар, мүдделі министрліктердің өкілдері қатысуда. Сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналған.