Ұлттық қауіпсіздігімізді ойлауымыз қажет – министр қазақстандық жасанды интеллект жасаудың маңызын түсіндірді

Жарияланды
мусин
Ұлттық қауіпсіздігімізді ойлауымыз қажет – министр қазақстандық жасанды интеллект жасаудың маңызын түсіндірді / коллаж kursiv.media

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазақ тіліндегі жасанды интеллект жасап шығу ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе екенін айтты.

«Жасанды интеллектің қазақ тілінде болуымен Яндекс те айналысып жатыр. Чат-GPT де айналысып жатыр. Ол дұрыс. Біздің қазақ ақпараты қазір өзге елдердің жасанды интеллектеріне жасалып, оларды байытып жатыр. Ол жақсы»,– деді Мусин.

Алайда министр мемлекеттік идеологияға, жеке дерекке қатысты ақпаратты шетелдік компанияға беруге болмайтынын ескеріп, Қазақстан өз жасанды интеллектін жасап шығу керек екендігін атап өтті.

«Электронды үкіметтің ішіндегі ақпарат жатыр. Сіздің, біздің, мемлекеттің идеологиялық, өндірістік және жеке ақпарат бар. Соның барлығын біз Чат-GPT-ге бере алмаймыз ғой. Ал жасанды интеллектті E-Gov қосу үшін өз жасанды интеллектіміз болуы қажет. Біз бар ақпаратты Чат-GPT жүйесіне береміз бе? Әлде өзіміздің болашақтағы ұлттық қауіпсіздігімізді ойлап, өзіміздің жеке жасанды интеллектімізді дайындаймыз ба? Мемлекеттік жүйелерді сол интеллект ішінде ойластыруды ойлауымыз керек»,– деді министр. 

Қазіргі таңда Назарбаев университет пен Қазақ тілі қоғамы жасанды интеллектің қазақ тілінде болуы туралы жобаларды бастаған. Министрлік әртүрлі ұйымдар мен жобалардың басын қосып, оларды бір жүйеге келтіруді мақсат етіп отыр.

Айта кетейік, қазақ тілінде сөйлейтін GPT пайда болатынын жазғанбыз. Сонымен қатар жасанды интеллект eGov-қа енгізіледі. Бұл туралы Digital Almaty форумы барысында Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин айтты.

Министр Egov-тағы жасанды интеллект әртүрлі мемлекеттік қызметтерді интерфайс көмегімен емес, қарапайым адами қарым-қатынас процесі арқылы алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Жасанды интеллекті енгізу бойынша жұмыс басталды. Сондай-ақ қазақ тілінде сөйлейтін GPT чаттың қазақстандық аналогын жасау бойынша да жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Мусин. 

Осыған дейін, бизнес секторға бағытталған қазақ тілді жасанды зерде іске қосылғаны хабарланған. Awara IT халықаралық компаниясы Prompt Wagon қосымшасының қазақ тіліндегі бета-нұсқасын іске қосты. Жоба Microsoft Global AI Hackathon аясында еліміздегі ірі компанияның тапсырысымен арнайы қазақ тілінде дайындалған.

ЦДИАӨ министрі Бағдат Мусин жыл  соңына дейін жасанды интеллекті дамыту стратегиясын жарияланатынын мәлімдеген.

1-3 ақпан аралығында Алматыда «Digital Almaty 2024: X индустриясы – болашақтың цифрлық эволюция» алтыншы жыл сайынғы форумы өтіп жатыр. Форум аясында еліміздің ірі жер қойнауын пайдаланушылары, мүдделі министрліктердің өкілдері, сондай-ақ жүздеген жеткізушілер мен шетелдік компаниялар жиналуда.

 Digital Almaty – цифрландыру саласындағы жетекші сарапшылардың басын қосатын жыл сайынғы халықаралық форум. 2023 жылы шараға ЕАЭО елдерінің мемлекет басшылары, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен 150-ден астам спикер қатысты. Форумға қатысушылар цифрлық майнинг, мемлекеттік басқару, криптовалюта, білім беру және киберқауіпсіздік мәселелерін талқылады

Сондай-ақ оқыңыз