Халықаралық журналистерді қорғау комитеті Қазақстан билігін «Азаттық» тілшілеріне аккредитация беруге шақырды

Жарияланды
Халықаралық журналистерді қорғау комитеті Қазақстан билігін «Азаттық» тілшілеріне аккредитация беруге шақырды / shutterstock

Халықаралық «Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігінің «Азаттық радиосының» 36 тілшісіне аккредитация бермеу туралы шешіміне қатысты пікір білдірді.

«Азат Еуропа радиосы/Азаттық радиосы» қазақ қызметі шынайы әрі сенімді ақпарат көзі ретінде танылған. Биліктің осындай негізсіз сылтаумен журналистерді аккредиттеуден жаппай бас тартуы алаңдаушылық туғызады. Президент Тоқаевтың баспасөз бостандығына қатысты мәлімдемесін бұзады»,– делінген ұйымның ресми сайтында жария болған ақпаратта.

Комитет Қазақстан билігін «Азаттық» журналистеріне қажетті құжаттарды беруге шақырды. Олардың өзге БАҚ өкілдері сынды еркін әрі кедергісіз жұмыс істеуге құқылы екенін атап өтті.

Осыған дейін журналистер Сенат төрағасынан «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін СІМ аккредитациядан өткізбегеніне қатысты пікір білдіруін сұраған. Әшімбаев елде сөз бостандығы бар екенін мәлім етті. Ал «Азаттық» радиосы журналистерінің аккредитациядан өтпеуіне Қазақстан заңнамасын бұзғаны себеп болғанын айтты. 

«Қазақстанда сөз бостандығы бар, құрметті әріптестер. Сіздер еліміздегі БАҚ-қа барлық жағдай жасалып жатқанын көріп отырсыздар. Осы процеске өздеріңіз де қатысып жүрсіздер. Соңғы бірнеше жылда БАҚ елдегі жағдайды еркін жазып сынап жүр. Мемлекеттік қызметкерлер, басшылар туралы жазып жүр. Ешқандай шектеу жоқ. Оған Қазақстанда қажетті заңнамалық база жасалды. Ал «Азаттық» радиосы туралы айтатын болсақ, Сыртқы істер министрлігі кейбір журналистерді аккредитациядан өткізбеген. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, мұндай шешім «Азаттық» радиосының редакциясы мен журналистерінің Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнамасын бірнеше рет бұзғаны негізінде қабылданған. Ал жалпы алғанда, Қазақстанда сөз бостандығын қамтамасыз ететінімізді айтқым келеді. Журналистердің бүгінде спикерге, Сенат пен Мәжілістің барлық депутатына сұрақ қою мүмкіндігі бар. Біз БАҚ қызметіне жағдай жасалып жатқанын өз мысалымыз негізінде көрсете аламыз»,– деді Әшімбаев.

Әшімбаев журналистер билікті сынап, үкімет пен мемлекеттік орган өкілдері үшін ыңғайсыз сұрақтарын еркін қойып, әрі ойларын да еркін жеткізіп жүргенін айтты. Қазақстанда сөз бостандығының барлық алғышарттары жасалып жатыр деуге толық негіз бар екенін алға тартты.

Сенат төрағасы қандай жағдайда журналистерге аккредитация берілмейтінін түсіндіріп берді.

«Біз заңнаманы бұзған жағдайда шетелдік БАҚ-қа акредитация бермеу мәселесін айтып отырмыз. Атап айтқанда, біздің елдегі қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, конституциялық құрылысты бұзуға шақырса мұндай ауыр құқық бұзушылық жасаған БАҚ-қа аккредитация бермеу мәселесін талқылап жатырмыз. Заң әлі де талқыланып жатыр»,- деді Әшімбаев.

«Курсив» «Азаттық» радиосының журналистерінің аккредитациядан өте алмауына қатысты СІМ-ге аптаның басында сауал жолдады. Әзірге ведомство тарапынан ресми сауалға жауап берілмеді.

29 қаңтарда журналистер қауымы брифинг өткізді. Олар «Масс-медиа» туралы Заң осы күйінде қабылданатын болса, президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұрайтынын мәлімдеді. Олар Заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлататынын айтты. 

БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Масс-медиа туралы заңның жекелеген салаларын талқылауға депутаттар небәрі 5-7 минут қана жұмсайды. Журналистерді депутаттардың бұл мәселеге бұлайша жеңіл-желпі қарайтыны алаңдатады. 

«Енгізілген өзгеріске сәйкес, шетел басылымдарының журналистері акредитация өтпей, кәсіби журналистикамен айналыса алмайды. Егер Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, СІМ аккредитация бермеуге құқылы. Министрлік тіпті шетелдік басылымдардың қызметін тоқтатуға құзыретті болады. Бұл тармақ кең ауқымда алынған секілді. Өйткені Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргісі келетін шетелдік басылымдар мұндай әрекеттерді аккредитациясыз да жүзеге асыруы мүмкін. Мұнда шетелдік басылымдарға істейтін журналистердің қызметіне кедергі болуы мүмкін», –дейді журналистер.

Сондай-ақ оқыңыз