Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан экология министрлігінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Press.kz басылымы ұсталғандардың арасында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев бар деп жазды.
«Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабы бойынша өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген Антикор хабарламасында.
Мансұр Ошурбаев туралы не белгілі
Мансұр Ошурбаев 1988 жылы Семей қаласында дүниеге келген.
Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, «Тұран-Астана» университетін бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде жетекші маман болып бастаған.
2010-2014 жылдары ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінде әртүрлі қызметтерде жұмыс істеді.
2014-2016 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары.
2016-2017 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары.
2017-2019 жылдары – ҚР Энергетика министрлігі Астана қаласы бойынша экология департаментінің басшысы.
2019 жылғы қараша айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қалдықтарды басқарудағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры болды.
Еске сала кетсек, Антикор «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Дәурен Төлтаевқа қатысты тергеудің басталғаны туралы ақпаратты растады.
Бұл ақпаратты 2024 жылдың 6 қаңтарында журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында хабарлаған болатын. Онда «ҚазАвтоЖол» жергілікті филиалы басшыларының алғашқы қар жауған кездегі әрекетсіздігіне байланысты Тараздағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан тергеу шаралары жүргізіліп жатқаны жазылған болатын.
«Алдын ала мәлімет бойынша, сотқа дейінгі тергеу «Ұрлық» бабы бойынша жүргізілуде», – деп жазған болатын Козачков.
Ал «ҚазАвтоЖол» қызметкерлері ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған болатын.