Рақышев «Қазақстан бокс фередациясы» басшылығынан кетіп, орнына Шахмұрат Мүтәліп келді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Шахмұрат Мүтәліп келді
Шахмұрат Мүтәліп ірі құрылыс компаниясына иелік етеді. Фото: ҚБФ

Белгілі бизнесмен Кеңес Рақышев «Қазақстан бокс фередациясы» басшылығынан кетті. Оның орнына федерацияның жаңа президенті болып Шахмұрат Мүтәліп сайланды

Бұл шешім Астанада Қазақстан бокс федерациясының жиынында шығарылған.

ҚБФ баспасөз қызметі жиында өткен жылды қорытындылап, ерлер және әйелдер командасы бас бапкерлерінің есебі тыңдалғанын хабарлады.

Жаңа қызметінде алғаш рет сөз алған президент ҚБФ алдындағы міндеттерді бірлесіп орындаудың маңыздылығын атап өткен.

«Маған жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан боксын әрі қарай дамытуға, спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғауға, ҚБФ ролін ел ішінде және халықаралық деңгейде арттыруға бар күшімді саламын»,– деді ол.

Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС-нің иесі.  Үйленген, 3 баласы бар. 

eGov мәліметтеріне сәйкес, оның компаниясы темір жол мен метро құрылысымен, сондай-ақ басқа да инженерлік құрылымдардың құрылысымен айналысады. 1997 жылы тіркеліп, 2022 жылы Шахмұрат Мүтәліповтың тұсында қайта тіркеуден өткен.

Құрылтайшылары – Мүталіповтың өзі және Management&Construction Ltd жеке компаниясы. Компанияның веб-сайтында көрсетілгендей БАӘ, Грузия, Италия, Ауғанстан, Әзірбайжан, Словакия және Ресейде филиалдары бар.

Kompra.kz мәліметінше, «Integra Construction KZ» ЖШС 2023 жылы 10,36 млрд теңге салық төлеген.

Компания Алматы – Қорғас (300 км-ден астам) тас жолын, сонымен қатар Арқалық – Шұбаркөл (214,4 км), Жезқазған – Сексеуіл (547,6 км), Жетіген – Қорғас (293 км), Алматы1 – Шу (110,7 км) жолдарын салған.

Бұған дейін «Интегра Констракшн KZ» ЖШС «Жол жөндеуші» деп аталған. Компания автомобиль және темір жолдарды салу және қайта жаңартумен айналысатын. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту жобаларын жүзеге асырған. Компания қазіргі атауына 2017 жылы ребрендинг нәтижесінде ие болды. Forbes Kazakhstan мәліметінше, оны бизнесмен Орифжан Шадиев басқарған.

Кеңес Рақышев Қазақстан бокс федерациясын 2019 жылдан бері басқарған. Ол Дзюдо федерациясының құрметті президенті және Қазақстан шахмат федерациясының қамқоршылық кеңесінің мүшесі болып қала береді. 2023 жылдың қазан айында ол Forbes журналының нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 50 бизнесменінің қатарына енді.

Сондай-ақ оқыңыз