Қор нарығына шолу: Әлемдік қор индекстері көтерілді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Әлемдік қор
Әлемдік қор индекстері көтерілді: Фото: kursiv.media

Жұма күні АҚШ қор нарықтары жоғары деңгейде жабылды: Dow Jones пен S&P 500 индекстері сәйкесінше 0,35% және 1,07% өсім көрсетті. Ал Nasdaq Composite ірі технологиялық компаниялардан түсетін күшті кіріс есебінен 1,74% өскен.

Өткен аптада ФРЖ басшысының мәлімдемесінен кейін, АҚШ қор нарығы құлдыраған болатын.

Meta акциялары өзінің алғашқы дивидендін төлеп және екі жылдағы ең үлкен тоқсандық сатылымдарын жариялағаннан кейін 20,3% өсті. Amazon-ның кірісі 14% болып, акциялары 7,9% қымбаттады. Nvidia акциялары да өсім көрсетті (+4,97%).

Apple компаниясының Қытайдағы сатылымы инвесторлардың көңілін қалдырғанымен, акциялары шығынды азайтты (-0,54%). Қаржы нәтижесі әрқилы болған ExxonMobil акциялары 0,46%-ға төмендеді, ал Chevron акциялары дивидендті 8%-ға арттырғаннан кейін 2,91%-ға қымбаттады.

Өткен айда АҚШ экономикасында 353 мың жұмыс орны құрылған, бұл болжамнан екі есе дерлік жоғары көрсеткіш. Жұмыссыздық деңгейі 3,7% деңгейінде тұрақты болып қалды, ал жалақының өсуі күтпеген жерден жеделдеді.

Еуропа индекстері де жақсы көрсеткішке ие

Еуропа қор нарықтары жұмада жасыл түсте жабылды: DAX 40 индексі 0,4%-ға көтерілді. Ал Stoxx 600 дерлік өзгеріссіз қалды. Mercedes-Benz акциялары автоөндіруші алдын ала бос ақша ағыны (FCF) туралы хабардан соң 2%-дан астам өсті.

Жапонның Nikkei 225 индексі дүйсенбіде 0,8%-ға көтеріліп, 36 432-ден жоғары болды. Иеннің күрт құлдырауы жапон активтерінің өсуіне ықпал етті. Kawasaki Kisen (+2,5%), Denso Corp (+2,9%) және SoftBank Group (+2,2%) компаниялары айтарлықтай өсім көрсетті.

Дүйсенбіде Шанхай композиттік индексі 2674-тен 2,1%-ға төмендеп, соңғы бес жылдағы ең төменгі деңгейге құлдырады. Денсаулық сақтау, технология және энергетика компанияларының акциялары арзандады: East Money Information (-2,2%), Wuxi Apptec (-3%), Longi Green Energy (-3,8%) және Kunlun Tech (-7,7%).

Жұма күні KASE индексінің мәні 1,16%-ға өсіп, 4 322,84 тармақты құрады. Мәмілелердің басым бөлігі «Қазақстан Халық Банкі» АҚ акцияларымен жасалған – 1 506. Мәмілелердің ең көп көлемі «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ акцияларына тиесілі – 803,2 миллион теңге. 6 эмитент акциясы өсім көрсеткен: «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы (+3,99%), «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ (+2,54%), «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (+0,92%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (+0,85%), Kaspi.kz АҚ (+ 0,64% және «Кселл» АҚ (+0,49%).

Сондай-ақ оқыңыз