7 ақпанда Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

Жарияланды
7 ақпанда Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді / Ақорда

7 ақпан күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді.

Ақорда ақпаратына сүйенсек, жиында Қазақстанның 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары» атты жолдауын жариялаған. Оған сәйкес 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көле­мін екі есе арттырып, 450 миллиард долларға жеткізу көзделген. Бірақ Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің болжамдарына сенсек, 2023-2024 жылдары ел экономикасы 3-4 па­йыз­ға ғана өседі. Мемлекет басшысы екі есе жоғары межеге қалай жететінімізді айтты.

«Әрине, бұл – жетуге болатын меже. Халықаралық валюта қорының сарапшылары 2023 жыл­дың қорытындысы бойынша Қазақ­станның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асады, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артады деп бағалап отыр. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары ақшалай өсім. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім де өсіп келеді. Бұған қатысты болжамды көрсеткіш былтыр 13 мың долларға жуықтады. Оның жыл сайынғы өсімі 1,6 мың доллар болады деп бағалануда. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш отыз пайыздан да көбірек артып, 16,8 мың долларға жетеді», – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан үкіметі 2024 жылы ел экономикасы кемінде 5,3% деңгейінде өседі деп болжап отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Ақпаратқа сүйенсек, 2024 жылы инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-дан кем болмауға тиіс.

Министрлік экономикадағы өткен жылдың қорытындысын да шығарды. Ақпаратқа сүйенсек, қабылданған шаралар нәтижесінде экономиканың өсімі 5,1%-ды құраған.

Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ға өскен. 2023 жылдың 9 айында тікелей шетелдік инвестиция көлемі 19,7 млрд долларды құраған. Оның ішінде $11 млрд-тан астамы шикізаттық емес секторларға бағытталған. Жалпы 2 жыл қатарынан тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіштері соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жеткен – жылдық көлемі 26-28 млрд доллар.

2023 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 2,2%-ға өсіп, 126 млрд долларды құраған. Оң сауда балансы 16 млрд доллардан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өскен.

Қазақстанның халықаралық резервтері 96 млрд долларды құрап, оның ішінде Ұлттық қордың активтері 4 млрд долларға өсіп, 60 млрд доллардан асқан.

Сондай-ақ оқыңыз