2024 жылы несие шарттары өзгере ме?

Жарияланды
Несие шарттары өзгере ме?/kursiv.media

Өткен жылдың соңына қарай базалық мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты несие шарттары тиімдірек бола түседі, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) талдау орталығы.

«Сапасыз» несиелерді қысқарту бойынша жұмыстың жалғасуы және олардың баяу өсуі жағдайында несие портфелінің сапасы жақсарды (NPL 3,4%-тен 2,9%-ға төмендеді).

2023 жылы банктік несиелер үлесінде бөлшек заемдардың өсу қарқынының бәсеңдеуі (бір жыл бұрынғы 31,3%-дан 26,7%-ға дейін) және бизнеске несие берудің артуы (13,9%-дан 16,7%-ға дейін) байқалды. Сонымен қатар өткен жылдың басым бөлігінде несие шарттары тиімсіз болды.  

«Бірақ базалық мөлшерлемені төмендету циклі басталғаннан кейін, өткен жылдың соңына қарай олардың «жұмсаруы» байқалды. Бұл 2024 жылы, әсіресе заңды тұлғаларға несие беруге жағымды ықпал етеді. Жалпы салаға базалық мөлшерлеменің және қаржыландыру шығындарының күтілетін төмендеуі, сондай-ақ экономикадағы несиелік тәуекелді жақсарту әсер етеді», ​​– деп хабарлады ҚҚҚ.

Сарапшылардың пайымынша, бизнесті несиелеу ақша-несиелік конъюнктураның қалыпқа келуі, реттеушінің ынталандыру шаралары және сұраныстың артуы аясында одан әрі жеделдеуі мүмкін.

Алайда бөлшек несие саласында сұраныс төмендеуі мүмкін. 

«Бөлшек несие саласында сұраныс қанағаттандырылды. Соның салдарынан және секторды реттеу шараларының қатаңдатылуынан қарыз алу қарқыны баяулауын жалғастыруы мүмкін, ал бизнеске несие беру ақша-несие жағдайларының қалыпқа келуі, ынталандыру шаралары аясында одан әрі жеделдету болуы мүмкін», – деп жазылған ҚҚҚ талдауында. 

Еске сала кетсек, Бірінші несие бюросының дерегінше, 2023 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша жеке тұлғалардың несие портфелі 18,5 трлн теңгеге жетті. Бұл – банк, микроқаржы ұйымы, басқа да қаржы ұйымдарының алдындағы жиынтық берешек.

Қазақстанда халықтың несие қарызын мемлекет есебінен кешіру науқаны қайталанбайды. ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова осылай деп мәлімдеді.

«Өкінішке қарай, 2019 жылы несие қарыз кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторындағы несие көлемі, соның ішінде төленбеген проблемалық несие үлесі тағы да өсті. Сондықтан мемлекет есебінен қайта-қайта кешіре берсек, жаңа несие алатындар қатары одан сайын артады», – деді журналистер сауалына берген жауабында.

ҚНРДА басшысының айтуынша, проблемалық қарыз алушылардың мәселесін шешу міндеті қазір қаржы институттарына жүктелген. Олар 1,449 миллион проблемалық қарыз алушымен жұмыс жоспарын дайындапты. Бұл жұмыста кейінгі жылдары еш төленбеген проблемалық несиені баланстан шығару мүмкіндігі қарастырылған. Әбілқасымова мұны қаржы ұйымдары өз қаражаты есебінен жүзеге асыратынын атап өтті.

Соңғы екі жылда Қазақстан банктерінде несие алу операциялары депозит алудан екі есе көп болған. Бұл туралы Алматыда өткен конференцияда S&P Global Ratings халықаралық сараптама агенттігі өкілі Сергей Вороненко айтты.

«Бірінші кезекте несие алу мен депозит ашудағы айырмашылыққа мән берулеріңізді сұраймын. Соңғы екі жыл ішінде бөлшек несие портфелі шамамен 30-40% өссе, бөлшек депозит ашу портфелі 2022 жылы 16% өскен. Бұл бөлшек несиелеуден екі есе төмен», – дейді Сергей Вороненко.

Оның айтуынша, елдегі қарыз жүктемесі жылдам өсіп, халықтың әл-ауқаты оған ілесе алмай келеді. Әсіресе табысы төмен қазақстандықтар қарыз құрсауында қалып қойған. Сарапшылар бөлшек несиелеуді бақылауға алып, оның көлемін азайту қарыз жүктемесін жеңілдетуі мүмкін екенін айтады. Егер осы бағытта жұмыс жалғаса беретін болса, қарыз жүктемесі 1%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз