G7 елдері Ресейге қарсы санкциялар әзірлеп жатыр

Жарияланды
G7 елдері Ресейге қарсы санкциялар әзірлеп жатыр/shutterstock.com

«Үлкен жетілік» елдері Ресейге қарсы санкциялардың жеке пакетін әзірлеп жатқаны белгілі болды. Бұл туралы Bloomberg басылымы хабарлады.

Жаңа санкциялар пакеті тізімі оннан аса ресейлік жеке және заңды тұлғаларды қамтиды. Сонымен қатар Ресейдің батыстық технологияларға қол жеткізуіне тосқауыл қоюға бағытталған шаралар қабылданбақ.

Санкцияларды ядролық энергетика, сұйытылған табиғи газ және металдар сияқты көптеген салаға кеңейту де талқыланды, бірақ бұл шешімді Еуропалық Одақ (ЕО) елдері мақұлдамады. Еуропалық Одақ елдері де Украинаға 50 миллиард еуро көлемінде көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

Бұған дейін G7 елдері Ресей гауһар тастарын тікелей немесе жанама импорттауға санкция салған болатын.

Еске сала кетсек, ЕО елдері мен G7 2022 жылдан бастап Ресейдің тыйым салынған активтерін пайдалану мәселесін талқылап жатыр. Financial Times дерегінше, Құрама Штаттар одақтастарын қаражатты тәркілеу жолдарын зерттеуге итермелейді. Бірақ Германия, Франция және Еуропалық Орталық банк мұны қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіреді деп санайды.

Сонымен бірге ақпан айының басында Еуропалық кеңес Еуропалық комиссияның арнайы ұсынысын мақұлдады.

Құжатта Ресейдің тыйым салынған активтерінен түсетін кірісін Украинаға көмек ретінде беру туралы жазылған. 

ЕО елдері Ресейдің бұғатталған активтерінен түсетін пайданы бөлек тіркеуге келісті.

Еуроодақ елшілері Еуропалық комиссия бекіткен директиваны алдын-ала мақұлдағанын жазғанбыз.

Оған сәйкес Ресейдің Белгияда бұғатталған активтерін Euroclear халықаралық депозитарийінде қайта инвестициялалаудан түсетін пайда бөлек тіркеледі. Ресей активтері 260 миллиард еуроның 191 миллиарды Бельгияда орналасқан.  

Сонымен қатар, G7 және Еуропалық одақ елдері Ресейдің тыйым салынған активтерін Украинаны қаржыландыру үшін кепіл ретінде пайдалану мүмкіндігін талқылады.

Сондай-ақ оқыңыз