Ресей мен Түркия АҚШ-тың қайталама санкцияларының қаупіне байланысты аударымдар мәселесін шешу үшін бірлескен банк құру мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы SHARQ Analytics хабарлады.
«Мұндай банк құру мүмкіндігі әлі талқылануда, бірақ тараптар Ресей президенті Владимир Путиннің Түркияға алдағы сапары барысында жоғары деңгейде келіссөздер жүргізуді жоспарлап отыр», – деп жазды басылым.
Бұған дейін хабарланғандай, 1 қаңтардан бастап қос тарап арасындағы аударымдар толық тоқтады. Түркиядағы экспорттаушылар сауданы жалғастыру жолдарын іздестіре бастады.
Кейін банктер Ресей компанияларының есепшоттарын жауып, Түркияда карта ашқысы келетін Ресей азаматтарына қойылатын талаптарды күшейтті.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, тараптар АҚШ-тың түрік компанияларына жасаған «бұрын-соңды болмаған қысымына байланысты» жаңа шешімдер іздеуде.
Ресей банктері АҚШ санкициясына енді
Бір жыл бұрын АҚШ Ресейдің бірқатар қаржы ұйымдарына қарсы блоктау сакциясын енгізді.
АҚШ Қаржы министрлігінің хабарламасында олардың арасында Мәскеу Кредит Банкі (MCB), «Санкт-Петербург», «Уральсиб», «Зенит «және МТС Банк бар екені жазылған.
SDN тізіміне сонымен қатар Ланта-банк, Металлинвестбанк, «Левобережный», «Приморье», СДМ-банк және Урал даму банкі кірген.
АҚШ Қаржы министрлігі бұл қаржы институттарымен операцияларды доғаруға 2023 жылдың 25 мамырына дейін мерзім берді.
Ал 2023 жылдың шілдесінде РФ-дағы 13 маңызды несие ұйымының 11-інде банкомат арқылы шетелдік валютаны енгізу опциясы жоғалды.
Ресейлік Сбербанктің колл-орталығы банкоматтарда шетелдік валютаны енгізу қызметі жоқ екенін хабарлаған. Қаржы ұйымының баспасөз қызметі де бұл ақпаратты растады. ВТБ банктің клиенттері 2022 жылғы 19 сәуірден банкомат арқылы өз есеп шоттарына батыс валюталарын салу мүмкіндігінен айырылған.
Сонымен қатар басылым тілшілері «Открытие» банкінен және Райффайзенбанк пен Юникредитбанктен де осыған ұқсас жауаптар алған.
Газпромбанк мұндай қызметтің ұзақ уақыттан бері көрсетілмейтінін атап өтіпті. Совкомбанк бұл қызметті бір жыл бұрын тоқтатқан. 2022 жылдың 10 наурызынан бастап банкоматтар шетел валютасын қабылдауды тоқтатқан. Несие ұйымдарының басым көпшілігі бұл қызметтің тоқтатылуына не себеп болғанын нақты айта алмады.
Ресей банктерінің арасында тек «Альфа» мен «Тинькофф» банктерінің банкоматтары ғана доллар мен еуроны қабылдайды.
АҚШ 20 шілде күні Ресейдің бес несие ұйымына қатысты санкция салған еді. Ол тізімде «Юнистрим» компаниясымен қатар, «Тинькофф», Локо-банк, Петербургский социальный коммерческий банк, «Солидарность» бар.