Әкімшілік жауапкершіліктен – қылмыстық жазаға дейін: тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қандай жаза қарастырылған?

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: коллаж kursiv.media

Парламентте Әйелдер құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Заң жобасының таныстырылымы өтті.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, қоғамда күш көрсету, зорлық жасау көрсеткіші, өкінішке орай, жоғары болып отыр. Мысалы, 2021 жылы Астанада 796 әйел адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, сексуалдық қылмыстар құрбаны болған. Ал 2022 жылы -1000 әйел, 2023 жылдың 9 ай ішінде 865 әйел осындай қылмыстарға ұшыраған. Қылмыстардың басым көпшілігі отбасылық тұрмыстық жанжалдардың негізінде, алкогольдік мас күйде жасалады. Көптеген әйел жасы мен менталитетіне, тәрбиесі мен материалдық тәуелділігіне байланысты ұзақ уақыт бойы өз жолдасының зорлық-зомбылығына төзіп жүре береді. Мұның барлығы абьюзерге ұзақ уақыт бойы үй ішінде зорлық жасауына жол ашады. Сондықтан бүгін мұндай заң бұзушылыққа төзбейтін, көнбейтін уақыт жетті»,– деді сөз бастаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

Әлеуметтік жауыздықтың бұл түріне заң негізде ғана тосқауыл қоюға болатынын айтқан Еспаева депутаттардың біраз уақыттан бері арнайы заң жобасын әзірлегенін, онда әйелдер мен балалардың құқы толықтай ескерілгенін, бұл орайда ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың да ескерусіз қалмағанын айтты.

Әйелдер құқы

Ұсынылып отырған Заң жобасында тұрмыстық заң бұзушылықтарға қылмыстық сипат беру мәселесі көтерілген. Сонымен бірге заңда балаларға жасалған қылмысқа қатысты жаза күшейген.

«Соңғы кезде тұрмыстық вандализм әлемдегі жаһандық мәселелердің біріне айналды. БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі әрбір үшінші әйел физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Бұл әлеуметтік дертпен күресу үшін әлемнің 155 мемлекетінің заңдарында жаза қатаңдатылған. Балаларға және әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықпен күрес біздің қоғамымыз үшін де ортақ мәселе және ол кеше ғана туындаған жоқ. Баршаңызға белгілі 2017 жылы отбасылық зорлық-зомбылықтың жазасы декриминализацияланды. Бүгінгі таңдағы аса ауыр резонансты оқиғалар осы декриминализациялаудың салдары»,деді жобаны таныстырған депутат Жұлдыз Сүлейменова.

Депутат Заң жобасының негізгі аспектілеріне тоқталды. Біріншіден, заңда зорлық-зомбылыққа басқа да қатыгездікке немесе адамның қадір-қасиетін қорлауға жол бермеу мақсатында, бірқатар нормалар қарастырылған. Мәселен, 2017 жылдан бастап, әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте 73-бабының 1 тармағында «денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін» әкімшіліқ жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар 15 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу қарастырылып, олар отбасылық некелік қарым-қатынаста тек қана ескертумен құтылатын болған. Жаңа өзгеріске сәйкес бұл баптар Қылмыстық кодекске енеді. Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 73-бабының 2-тармағы «ұрып соққан үшін зиян келтіру» бабының барлығы қылмыстық кодекске енгізілген.

Жаңа редакцияда денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру үшін 3 жылдан 8 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар өзгерістерге сәйкес, денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіргені үшін 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы енеді.

Депутат бұл заңның тек балалар мен әйелдерді ғана қолдамайтынын, сонымен бірге барлық азаматты ұрып-соғудан қорғау мақсатында әзірленгенін айтты.

Балаларды қорғау

Жобада балалардың құқығын қорғау саласына қатысты екі жаңа норма қарастырылған. Балаларға зиян тигізгендерге жаза күшейеді. Енді балаға зорлық жасағандар мерзімін өтеп, түрмеден шыға алмайды.

«Педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған баланы өлтіргендерге де жаңа редакцияда өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып отыр»,– деді депутат.

Сонымен бірге азаптауға қатысты да жаза қолданылады. Жаңа редакциядағы заңға сәйкес мұндай қылмыс жасағанда қоғамдық жұмыста 600 сағатқа дейін істеуге тиіс немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жұлдыз Сүлейменова Заң жобасына жаңа бап қосылатынын атап өтті.

«Қосымша бір бап қосылды. Қылмыстық кодекстің 98 прим. 3 бабында жаңа бап, яғни қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу бабы қосылып отыр. Бұл – бірінші. Егер отбасында ойран салатын азаматтардың басқа тұрғын үйі болатын болса, оның жәбірленушімен бір тұрғын үйде тұруына тыйым салу нормасы болды. Бірақ ол норма бұған дейін жұмыс жасаған жоқ. Неге? Өйткені әрбір отбасында бір ғана немесе жалғыз тұрғын үйі бар. Сондықтан жаңа редакцияда зорлық-зомбылық құрбанын қорғау үші сот ерешке жағдайларда белгілі бер мерзімге отбасылық тұрмыстық қатынастар саласында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға «бірге тұруға тыйым салу түріндегі құқықтық ықпал ету шарасын қолдануға қақылы» деп жазылып отыр. Тағы бір мәселе құқық бұзған азаматтарға тек жазаны күшейтумен бірге біз сот шешімі керекдеп тапқан жағдайда медициналық ұйымдарда психологиялық көмек көрсету мүмкіндігін қарастыру нормасын енгіздік. Бұдан бөлек қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізі 3 айдан 1 жылға дейінгі мерзімде жәбірленушіні іздеуге, қудалауға оған баруға, ауызша байланысқа түсуге немесе телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге тәсілдермен байланысқа түсуге тыйым салынатын ерекше талаптарды белгілеу қарастырылып отыр. Бұл өте өзекті»,– деді депутат.

Сонымен бірге уәкілетті органдар азаматтардың өтінішін күтпей әрекет ете алады. Яғни олар БАҚ-та немесе әлеуметтік желілердегі хабарлар негізінде шара қолдану мүмкіндігін қарастыратын норма да енгізілген.

Суицидтің алдын алу

Заңда суицидтің алдын-алу мәселесі де қарастырылған. Яғни бұл мәселенің салдарымен күреспей, келеңсіздіктердің алдын алуға күш салынатын болады. Осы орайда суицидтің алдын алу мақсатында қылмыстық кодексте жаңа құрам бойынша жаңа екі бап енгізілмек. Біріншісі – суицидке итермелеу. Екіншісі – суицидті насихаттау бойынша.

«Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын «Синий кит» деп аталатын немесе басқа да жастар арасында өте қауіпті челендждер болды. Осыған байланысты суицидке итермелегені үшін 5 жылдан 9 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы мен қылмыстық жауапкершілік белгілеу ұсынылады. Екінші – суицидті насихаттағаны үшін 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаңа жауапкершілік енгізіліп отыр»,– деді Сүлейменова.

Ата-аналарға қатысты заң күшейе ме?

Депутат бала құқын қорғауға қатысты заңда ата-аналарға қатысты заңды күшейту мәселесі қарастырылмағанын айтты. Мұнда да депутаттар қандай да бір проблеманың салдарымен күресуді емес, керісінше, сондай келеңсіздіктердің алдын-алуға көбірек мән берген.

«Көбісі ата-анаға қатыс заң талаптары күшейе ме деп сұрап жатыр. Жоқ. Ата-аналарға қатысты заңды күшейту нормалары қарастырылмаған. Біз дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауға, сақтауға, нығайтуға және ілгерілетуге арналған, сондай-ақ ұлттық және дәстүрлі обасылық құндылықтарды құрметтеу рухында балалардың адамгершілік және рухани тәрбиесін қамтамасыз етуге негізделген неке отбасы заңнамасының қағидаттарын бекітуді ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша жаһандану кезеңінде бұл өте қажетті норма»,- деді депутат.

Сонымен бірге заң аясында ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың да құқын қорғау көздеген. Заңға сәйкес барлық интернаттар мен балалар үйінің жұмысы тексеріледі. Оларды тексеру жоспарсыз, ескертусіз жүргізіледі.

«Бұл балалараға уақтылы көмек көрсетуге және келеңсіздіктердің алдын алуға көмектеседі. Заң асянда мемлектке жабық мекемелерді рұқсатсыз тексеруге құқық беріледі»,- деді депутат.

Бұрын мұндай мекемелерді тексеру үшін мемлекет алды-ала ескертіп, бекітілген доспар блойынша тексеруі керек болған. Енді олай болмайды.

Сонымен бірге лагерьдегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мұндай мекемелерді лицензиялау көзделген.

Осыған дейін «Курсив» бұл заңдардың Мәжіліс қарауына жіберілгені туралы Сенат депутаты Жанна Асанова хабарлаған болатын. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасы әзірленіп, Мәжіліс қарауына жіберілгенін айтты.

«Бұл заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге мүмкіндік бермек, сондай-ақ заң адам құқықтары жеке қауіпсіздік кепілдіктерін, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықтан қорғауға және әділ сот талқылауына қол жеткізу мақсатында әзірленген»,– деді депутат.

Ал 31 қаңтарда депутаттар Мәжіліс әйелдер құқы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Еске сала кетсек, осы заң талаптарына сай әнші Рахат Тұрлыханов жазаланды. Ол әйелін соққыға жыққаны үшін сот шешімімен 10 тәулікке сотталды. Алматы қалалық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты ұрып-соғу дерегі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық бойынша істі қарап, бірінші сатылы сот шешімін жарамсыз деп таныды. Бірінші сатылы сот Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік ескерту туралы қаулы шығарған. Ал заңға сай қамауға алынуға тиіс болған. Аталған материалды қарау барысында, сот алқасы бұрын жұбайын бірнеше рет ұрып-соғу фактілерін ескеріп, бірінші сатылы соттың тағайындаған жазасымен келіспеген.   

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қараша айында жұртты дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Бұрынғы экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. 

Сондай-ақ оқыңыз