Жаңалықтар

Жаһандық келісім: BAT пен РMI компаниялары арасындағы дау аяқталды

British American Tobacco
BAT пен РMI компаниялары электронды темекі өнімдерінің патенті үшін дауласып келген / Фото: kursiv.media

British American Tobacco (BAT) мен Philip Morris International (PMI) арасындағы 4 жылға созылған патент дауы шешілді. Бұл жайлы BAT компаниясының баспасөз хабарламасында жазылған.

«BAT компаниясы Philip Morris International Inc (PMI) компаниясымен жылытылатын темекіге және жылытылатын темекі өнімдеріне қатысты екі тарап арасындағы патентті бұзуға қатысты сот ісін шешетін жаһандық келісімге келгенін қуана хабарлайды. Патенттік қорғау BAT инновациялық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі және компания бұл келісімді бизнес-жоспарларын жүзеге асырудың ең жақсы жолы ретінде құптайды»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Жаһандық келісім британдық темекі концерні BATпен америкалық PMI компаниясымен арадағы барлық сот процесін тоқтатады. Компаниялар қолданыстағы электронды темекі мен материалдық емес құрылғыларға қатысты одан әрі сотқа шағым беріп даулай алмайды.

Бұл келісім ВAT және PMI арасындағы жаһандық патенттік құқық бұзушылықтарды, осыған дейін қабылданған барлық сот шешімінің күшін жояды. Келісім шеңберінде әрбір тарап өнімге инновациялық жаңалықтар енгізе алады. Осылайша компаниялар темекінің зиянын азайтуды одан әрі ілгерілету үшін тәуекелі төмендетілген өнімдерді дамытып жетілдіре түсетінін мәлімдеген.

Екі тарап арасындағы тартыс 2020 жылы басталды. BAT концерні PMI компаниясының IQOS өнімдері мен Altria Group сататын темекі жылыту жүйесіне қатысты АҚШ-тағы патенттерін бұзды деп айыптаған. Сөйтіп сотқа берген болатын.

Қазақстандағы жағдай

Қазақстанда әрқайсысының үлкен филиалдары бар компаниялар электронды темекі шығаруды жетілдіре түсіруге келіскен тұста, Қазақстан электронды темекілерге тыйым салуды қолға алды. Жақында ғана Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын» қабылдады. Ол өзгеріске сәйкес Қазақстанда вейптерді әкелу, өндіру, сату және таратуға тыйым салынады.

Вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Яғни:

  • сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
  • қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Былтыр депутаттар – Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдаған.  «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқылаған.

2023 жылы тамызда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда вейпке толық тыйым салу туралы шешім қабылданатынын айтты. Министрдің айтуынша, Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген.

«ДСМ Заңды ведомствоаралық комиссияға берді, біз оны қарадық. вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім сөзсіз қабылданады», – деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, қазір вейптерді сатуға тыйым жоқ. Бірақ тиісті заң күшіне енген бойда контрабанданың алдын алу үшін барлық ресурсты пайдаланады.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин Қазақстанға дизайны мен хош иісі жарқын вейптерді әкелуге және сатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Байгенжиннің пайымдауынша, вейпті тұтыну 10 жылдан кейін өкпе ауруымен ауыратын науқастардың көбеюіне әкеледі.

Оның айтуынша, электронды темекі сату 2006 жылы басталған. Ол кезде оның құрамында тек никотин болған. Ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты.

«Бұл өнім құрамында өкпеге зиянды қоспалар бар. Ол қоспалар өкпе эпителийін зақымдайды. Бүгінде электронды темекіні оқушылардың көп тұтынуына байланысты Қазақстан өкпе аурулары бойынша қауіпті аймақта тұр»,  – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.  

ДДҰ-ның мәліметінше, 33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салған. Ал 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған.