ҚНРДА Jusan Bank басшылығына АТФ-тің бұрынғы қызметкерін тағайындауға рұқсат бермеді

Жарияланды
Шығарушы редактор
Jusan Bank
Черенкеевич Jusan Bank басшылығына тағайындалмады. Фото: kursiv.media

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «First Heartland Jusan Bank» Басқарма төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі лауазымына Черенкеевич Сергей Владимировичті бекітуден бас тартты. Ол банкте ақпараттық технологиялар саласына жетекшілік етуге тиіс еді.

«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «First Heartland Jusan Bank» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары – Басқарма мүшесі лауазымына, ақпараттық технологиялар мәселелеріне ғана жетекшілік ететін Черенкеевич Сергей Владимировичтің кандидатурасына келісім беруден бас тартты»,– делінген хабарламада.

LinkedIn желісіндегі профиліне сүйенсек, Сергей Черенкеевич 2013 жылдан АТФБанктің IT департаментін басқарған.

2020 жылдың қараша айында Jusan Bank Ғалымжан Есеновтен АТФБанк акцияларының 99,76%-ын сатып алған еді. Оның орнына қазақстандық кәсіпкер Jusan Bank акцияларының 20%-ын алды.

2021 жылдың қыркүйегінде АТФБанк Қазақстан қор биржасы тізімінен шығарылып, бас банкпен толық біріктірілді.

ҚНРДА-ның банктердің басшылығына ұсынылған кандидатты бекітуден бас тартуы бірінші рет емес. 2023 жылдың басынан бері мұндай жағдай 9 мәрте қайталанса, соны үшеуі осы банкпен байланысты.

Былтыр шілдеде агенттік қаржы ұйымдарын банкрот қылған банкирлердің тізімін жасауды жоспарлап отырғанын хабарлады. Кейінгі жылдары Қазақстанда банкрот болған банктер аз емес. Олардың қатарында Валют-транзит банк, Казинвестбанк, Delta Bank, Эксимбанк Казахстан, Астана банкі Qazaq Banki, Tengri Bank, AsiaCredit Bank және CapitalBank Kazakhstan бар.

2023 жылдың желтоқсан айында «Жусан банктің» басқарма құрамы өзгеріп, басқарма төрағасының орынбасары ауысты. Бұған дейін орынбасар міндетін атқарған Ирина Мерзлякованың орнына Алан Жабаев тағайындалды.

Басқарма құрамына Алан Жабаевтан бөлек, Ольга Туманова мен басқарма төрағасы Арман Мангитов кіреді.

Банктің негізгі акционері – Ғалымжан Есенов, ол «First Heartland Securities» арқылы компания акцияларының 77%-ын иеленеді. Оны осы жазда Қазақстан юрисдикциясына қайтару аясында алған. Ал 19 пайызы тікелей кәсіпкерге тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз